«Күміс алқа иегері». Абай облысы: Адам саудасымен айналысқан әйел алты жылға сотталды
Абай облысында адам саудасымен айналысқан көпбалалы анаға сот үкімі шықты. Енді Күміс алқа иегері өмірінің алты жылын абақтыда өтейтін болады.
Автор: Ұлан Нұрахмет
02.04.2026
62 жастағы Аягөз қаласының тұрғыны екі жыл бойы адам саудасымен айналысып келген. Ол арам ойын жүзеге асыру үшін базар және автобекет маңын кезіп әлеуметтік осал топтағы адамдарды іздеген. Кейін олардың сеніміне кіріп, «жұмыс тауып беремін» деген желумен шаруа қожалықтарына жіберіпті. Тіпті өзіне иланбағанды ішімдікке тойдырып, психологиялық қысым көрсеткен. Ал өзі бұл қызметіне әр қожалықтан 100 мың мен 400 мың теңге аралығында сыйақы алып отырған. Сотта көпбалалы ананың бес дерегі дәлелденді. Бірақ судия үкім шығарғанда жазаны жеңілдететін жағдайды ескерді.
Абай облысы сотының баспасөз қызметі:
— Кінәсін толық мойындады. Жасаған ісіне өкініш білдірді. Келтірілген зиянды өтегені және жәбірленушілердің кешіргені, сондай-ақ оның жасы мен «Күміс алқа» наградасы ескерілді. Үкім заңды күшіне енген соң, ол жазасын жалпы режимдегі түзеу мекемесінде өтейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары