«Шалшық су ішкен». Қарағанды облысында жоғалған жасөспірім табылды
Қарағанды облысында жоғалған 13 жастағы жасөспірім аман-есен табылды. Ол кешқұрым Қарабас ауылынан шығып, Абай қаласына бет алған кезде адасып кеткен. Оқушы далада түнеп, шалшық су ішіп шөлін басыпты. Тек таңсәріде табылған. Жасөспірімді іздеуге тұрғындардан бастап, еріктілер мен құтқару қызметі де жұмылдырылған.
Автор: Жаңалық Ахаш
02.04.2026
13 жастағы Бейбарыс сабақтан соң достарымен ойнауға шығып, Қарабас ауылына барады. Кешкілік анасы хабарласқан соң, жасөспірімдер кері — Абай қаласына қайтпақ болған. Неге екені белгісіз, ол автобуспен емес, жаяу қайтамын деп шешкен. Күн ұясына батқан кезде анасына адасып кеткені туралы хабарлама жазып, үсіп-тоңып, шөлдегенін айтқан.
Бұл хабарламаны тыңдаған анасының үрейі ұшып, жан-жақтан көмек сұрайды. Түні бойы жасөспірімді іздеуге еріктілер де, тәртіп сақшылары мен құтқарушылар Абай мен Қарабас ауылының екі ортасын сүзіп шығады. Тек күн шыққанда, оны Абай қаласынан 15 шақырым жердегі даладан, мотоциклмен кетіп бара жатқан Дубовка ауылының тұрғыны көріп қалады. Тәртіп сақшыларына сол хабар беріпті.
Үстіне құр футболка киген Бейбарыс тоңып қалған. Аузы құрғап, шөлдегенде шалшық су ішіпті. Қазір ол дін аман.
Айжан Нақышева, анасы:
— Қорыққан, ұйықтап тұрып, тоңған ғой. Футболкасын жамылып жатқан. Ерні кеберсіген, су ішпегеннен. Бәріне ризамын, баламның табылғанына. Аман-есен, тірі, денсаулығы жақсы.
Тәртіп сақшылары жер қарайғанда ойын баласын көзден таса қылмай, жасөспірімдерді үнемі бақылап отыру керек екенін айтады.
Ақтөбе облысында қатарластарымен ойнауға шығып, ағысқа құлаған он жасар бала әлі табылмады. Оқушыны Елек өзенінің жағасынан да, су астынан да әлі іздеп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары