«200 млн теңге». Ақтөбеде салымшыларды алдаған алаяқтар алты жылға сотталды
Ақтөбеде қаржы пирамидасын ұйымдастырушыларға үкім шықты. Олар адамдарға электрсамокат арқылы оңай табыс табуды уәде етіп, ақыр соңында салымшыны сан соқтырған. Ал алаяқтар шамамен 200 миллион теңгеге байыған.
Автор: Жаңалық Ахаш
03.04.2026
Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар тұрғындарды «еш қиындықсыз доллармен табыс табуға болады» деп сендірген. Жобаны заманауи әрі өте табысты бизнес ретінде таныстырыпты. Адамдарға ақша салып, электрсамокат сатып аласыздар, компания оны шетелде жалға береді, ал сіз күн сайын табыс табасыз деп уәде еткен. Жобаға кіру сомасы 350 доллардан 20 мың долларға дейін. Ал уәде етілген табыс тәулігіне 12-ден 700 долларға дейін түсіп отырады депті. Сенімді көріну үшін ұйымдастырушылар кеңсе жалдап, сол жерде кездесу өткізеді. Әлеуметтік желілерде де белсенді жарнама жасаған. Осылайша жүзден астам ақтөбелік жеңіл ақшалы болуға құлай сенеді. Жалпы салынған қаржы көлемі 197 миллион теңгеден асқан. Алайда салымшылар бір тиын да табыс алмаған. Тергеуде жиналған қаражат бизнесті дамытуға емес, алаяқтардың жеке қажетіне жұмсалғаны белгілі болды.
Ернар Тайжан, ҚР ҚМА ресми өкілі:
— Осы қаражатқа ұйымдастырушылар үш автокөлік сатып алып, оның бірін туысының атына рәсімдеген. Сот үкімімен ұйымдастырушыларға 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үш автокөлік мемлекет кірісіне тәркіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары