Алматы облысындағы ауыл құрылыс қоспасын шығаратын зауыттың зардабын тартып отыр
Зауыттан келген зауал — Алматы облысында тұтас ауыл тұрғындары осылай деп дабыл қақты. Олардың айтуынша, ауыл іргесіндегі құрылыс қоспасын шығаратын кәсіпорынның ауыр техникалары ауылда көшесімен жүреді. Шаңы өз алдына, жолда ойын балаларына қауіп төндіріп отыр. Жақында ғана далада ойнап жүрген жеті жастағы баланың аяғын осындай жүк көлігі басып кетіпті.
Автор: Назерке Ержанқызы
03.04.2026
Әли тұрғындарынан маза қашқалы талай жыл. Солардың бірі – Гүлби Нұрлан. Жеті жастағы баласының аяғын жақында ауылда жүйткіген жүк көлігі басып кеткен. Сынық жарақатымен ауруханаға жатып шыққан жеткіншек қазір үйінде емделіп жатыр.
Гүлби Нұрлан:
— «Газель» кетіп бара жатқан кезде балам ойнап, қақпадан жүгіріп шыққан. Бірін‑бірі қуалаған. Сол кезде екі дөңгелектің ортасында баламның аяғы қалып қалған. Бес саусағы сынды, зиян келді.
Базынасын айтуға жиналған тұрғындар іргедегі зауыттың зардабын айтып тауыса алмады. Аспанға көтерілген шаң мұрынды бітеп, дамылсыз шыққан шу жұрттың тынышын қашырған. Зауыттағылар көшеге су себуді есіне түскенде ғана істейді екен. Соның салдарынан соңғы уақытта түрлі ауру-сырқау көбейген.
Гүлжамал Керімова:
– Құрғақ қоспалар әкеледі. Мөшектерін тіліп ашып, жинастырады. Сол кезде мөшектері бүкіл ауылға ұшып, үйімізге кіріп жатыр. Шағымданғаныма үш жыл өтті. Ешқандай іс қозғалған жоқ. Шаң-шаңымен, балалар ойнайтын алаңды тқрақ етіп жасап қойды.
Тұрғындардың тынышын қашырған зауыттың жұмыс істеп тұрғанына биыл төртінші жыл. Мұнда күні-түні қатынайтын ауыр жүк көліктері арнайы жол болмағандықтан, ауыл ішіндегі көшемен жүруге мәжбүр. Бұл, ең алдымен, үлкен қауіп төндіреді, дейді тұрғындар. Сондықтан олар ауыр техниканы басқа жермен жүргізуді талап етіп отыр.
Ал құрылыс қоспаларын шығаратын зауыт басшысы әкімдікке тиісті өтініш жолдағанын айтты. Яғни кәсіпорынға келіп-кететін заңды жол қарастыруды сұраған. Айтуынша, қазіргі пайдаланылып жүрген жол жеке адамдардың меншігінде. Сондықтан жұмыс жобасын әзірлеу үшін жер телімдерінің иелері оны әкімдікке өткізіп, келісім беруі қажет.
Нұрғали Әбдікәрімов, зауыт құрылтайшысы:
– Ортақ пайдаланатын жол болса, заңды түрде шектеуімен, видеокамерасымен, жылдамдықты бәсеңдеткішпен, заңды түрде болса, дұрыс болады. Үлкен тас жол болса. Алдын ала жасалған келісімшарттар бар. Мердігермен, жол салатындармен, екі-үш асфальт зауытымен келісіп қойдық. Мен бір ай бұрын сондай тапсырма бергем.
Шыдамы таусылғандарға басу айтқан әкім «мәселемен етене таныспын» дейді. Жаңа әзірленген бас жоспарға сәйкес, бұл аумақта баламалы жол қарастырылыпты. Бірақ оған бюджеттен қаржы бөлу әзірге мүмкін емес. Себебі алдағы үш жылға жоспарланған қаражат ауылдағы жолдарды жөндеуге жұмсалмақ. Дегенмен тұрғындардың арыз-шағымы аяқсыз қалмайды, деді ол.
Нұрбол Есенбаев, Қайнар ауыл округінің әкімі:
— Зауыттың директорымен сөйлесіп отырмын. Бар шығынды бюджеттен емес, өз қаражатынан жасаймын деп отыр. Бізге жолды ашып беру жолын қарастырып бер деп отыр. Халықтың денсаулығына қауіп төндірмейтіндей, балалардың жүріп тұруына ыңғайлы болу үшін. Қазір сол екі жақты қараймыз, зауыт директорымен. Ол кісілер карта бойынша өздері ұялы байланыс арқылы көрсетті. Қай жерден, қалай жол ашуға болатынын. Сол амалдарын қарастырамыз да, былай айтқанда, халық сұранысына байланысты, арыз-шағымына байланысты жұмыс істейміз.
Атқамінерлер аталған жұмысты алдағы бір-екі айдың ішінде толық аяқтаймыз деп уәде етті. Ал шаңнан көз ашпаған тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары