«Әйелі мен ұлы — күдікті». Алматы облысынан полицейдің өртенген мәйіті табылды
Алматы облысынан полицейдің өртенген мәйіті табылды. Марқұмның мүрдесін малын іздеп жүрген тұрғын байқапты. Жантүршігерлік қылмысқа күдікті ретінде марқұмның әйелі мен 14 жастағы ұлы ұсталған. 15 жыл ішкі істер органында қызмет еткен Аслан Әлсеровті бүгін туыстары ақтық сапарға шығарып салды.
Автор: Жомарт Түзелбай
24.06.2026
15 жылдан аса еліне еңбек еткен полиция майоры Аслан Әлсеровті жақындары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Марқұмның мәйіті күні кеше Кеген ауданының таулы аймағынан қол-аяғы байлаулы, өртенген күйінде табылған. Мамандар, оқиға Алматы қаласында болған дейді. Қазір күдікті ретінде 15 жыл отауласқан жұбайы, кәмелетке толмаған ұлы мен оның досы қамауға алыныпты.
Асқан жауыздықпен жасалған қанды қылмыс пәтерде болған, дейді көрші-қолаң. Мұнда марқұм отбасымен бірге тұрыпты. Қазір есік мөрленген. Көршілер қаза тапқан Аслан мен жанұясы туралы бірде-бір жаман пікір айтпады. Сол күні де ешқандай айқай-шу естімепті. Тіпті қылмыс болғанын полиция қызметкерлері жауап алуға келгенде ғана білген.
— Бізге бір полиция бала келіп, ана немерем 33-те, содан сұраған. «Сендер қашаннан тұрасыңдар, кеше естідіңдер ме?» деп. Ол жұмыстағы кісілер, мен де ештеңе естіген жоқпын. Тым-тырс. Ылғи да жұмыста. Анда-санда балконнан балаларын көремін. Түк те білмейміз. Кеше қайғырып қалдым. Әп-әдемі, сондай кісілер. Келіншегі де, өзі де.
37 жастағы марқұмның жеті баласы бар екен. Қара жамылған Асланның туыстары қазір тілшілермен тілдесетін жағдайда емес. Ал Облыстық полиция департаменті сұмдық жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
Алматы облысының полиция департаменті:
— 23 маусымда полицияға таулы аймақтан мәйіт табылғаны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы шықты. Қаза болған адамның жеке басы анықталды. Оның полиция қызметкері болғаны расталды. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиға Алматы қаласында болған.
Жантүршігерлік қылмысқа не себеп болғаны әзірге белгісіз. Марқұмның жақындары да оқиғаның неден басталғанын, жанұясында қандай дау болғанын біле алмай дал. Олар енді кінәлілер тиісті жазасын алса дейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары