«Сертификат сұра». Алматыда жеті жасар қыз антистресс ойыншығынан күйіп қалды
Алматыда жеті жасар қыз антистресс ойыншығынан зардап шекті. Ойнаған кезде қолындағы сквиш жарылып, ішіндегі гель тәрізді сұйықтық баланың терісін күйдірген. Дәрігерлер оған химиялық күйік диагнозын қойды. Енді бүлдіршіннің анасы ойыншықтың сапасы мен қауіпсіздігін құзырлы органдардың тексеруін талап етіп отыр.
Автор: Назерке Ержанқызы
02.07.2026
Әсел Пак:
– Біздің мемлекеттік тілде ешқандай маркировка жазылмаған. Қалай қолдану керек, қалай ойнау керек, құрамында не бар, ешқандай дерек жоқ. Менің ойымша, ана ретінде, қандай ойыншық сатылмас бұрын, ол жақсы бір тексерістен өткізілу керек деп ойлаймын. Ол ойыншықтың балаға деген ешқандай зияны болмау керек.
Анасының айтуынша, қызы үйде ойыншықпен ойнап отырған. Бір сәтте ол жарылып, ішіндегі қоймалжың зат баланың қолына төгілген. Әйелдің айтуынша, гель теріге жабысып қалып, оны күйдіріп тастаған. Дәрігерлер де бүлдіршіннің иық тұсы мен қолының химиялық затқа күйіп қалғанын растаған. Анасы сатып алған ойыншықтың түбіртегі мен медициналық құжаттың бәрін сақтап отыр. Енді ол өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін құзырлы органдардың тексеруін талап етеді.
Сквиш, слайм секілді антистресс ойыншықтары соңғы жылдары балалар арасында кең таралған. Мамандардың айтуынша, антистресс ойыншықтарына арналған жеке қауіпсіздік талаптары жоқ. Сондықтан елімізде сатылатын әрбір ойыншықтың сәйкес сертификаты болуы міндетті дейді. Ата-аналарға ойыншық сатып аларда осы құжатты сатушыдан талап етуге кеңес береді. Қазір аталған оқиғаға байланысты тексеру жүргізіліп жатыр.
Розалина Ермекпаева,Денсаулық сақтау министрлігі, Санитария-эпидемиологияны бақылау комитетінің бас сарапшысы:
— Қазақстанға әкелінетін және сатылатын барлық ойыншық қауіпсіздік талабына сай болуы керек. Бұл талаптар сквиш секілді антистресс ойыншықтарына да қатысты. Әр ойыншықтың қауіпсіз екенін растайтын сәйкес сертификаты болуға міндетті. Сондықтан ата-аналар ойыншық сатып аларда сатушыдан осы құжатты сұрауы керек. Егер сертификат болмаса, мұндай ойыншықты алмаған жөн.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары