«Өтінеміз, шамаңыз келгенше». Бес жасар баланың еміне 1,5 млрд теңге қажет
Көкшетауда бес жасар ұлы әлемде сирек кездесетін ауыр сырқатқа шалдыққан ата-ана халықтан көмек сұрайды. Дюшеннің үдемелі бұлшықет дистрофиясымен ауыратын баласына Дубайда емделуіне 1,5 млрд теңге қаражат керек . Тұқым қуалайтын генетикалық дертке шалдыққан баланың отбасымен КТК тілшісі тілдесіп келді.
Автор: Айгүл Өзекова
08.07.2026
Өзі де, жұбайы да мұғалім болып істейтін отбасының екі ұлы бар. Кенжесі Ислам бес жасқа толғанда тісін емдетпек болып, қан талдауын тапсырған. Сол кезде дәрігерлер тосыннан осы диагнозды қойыпты. Баланың денесін біртіндеп май басады, 8-11 жасқа дейін өзі жүріп, кейін қозғалуы қиындайды. Көбіне бұл дертпен ер балалар ауырады екен.
Гүлсім Әубәкірова, анасы:
— Ислам мектепке барса деп армандаймын. Бізге көмек қажет, 1,5 млрд теңге қажет. Бір ғана дәрі бар, бір ғана егу. «Элевидис» деген препарат. Дубайда клиникада беріледі. Тек қана осы екпе бізге көмектесе алады.
Қазір ата-анасы үміттеніп жүр. Бүгінге дейін 20 миллиондай қаржы жиналған. Ислам өздігінен басын көтеріп, тұра алмайды. Баспалдақпен жүруі де қиын. Тез шаршап қалады.
Марат Әубәкіров, Исламның әкесі:
— Бұл — балалар 10 жасқа қарай жүруден қалып, 20 жасқа қарай қайтыс болатын сирек кездесетін генетикалық ауру. Осыған байланысты біз қаражат жинауды бастадық. Қажет соманы тезірек жинағымыз келеді. Отбасымыз үшін бұл көтере алмайтын өте үлкен сома — 1,5 миллиард теңге. Өтінеміз, шамаларыңыз келгенше көмек берсеңіздер ...
Елімізде дәл осындай сырқатқа шалдыққан тағы екі балаға демеуші табылып, олар тиісті емге қол жеткізген екен. Бұл жағдай Гүлсім мен Маратқа үлкен жұбаныш. Сондықтан олар жанашырлық танытып, бейжай қарамайтын азаматтардан көмек күтеді. Ақша неғұрлым ерте жиналса, соғұрлым Исламның ғұмырын да ұзартып, қазіргі қалыпты жағдайын сақтауға мүмкіндік береді дейді анасы.
КАСПИЙ БАНК: 87789395335
Халық банк: 87789395335 Марат А (әкесі)
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары