Ақтауда екі жасөспірім 14 жастағы баланы ұрып-соғып, ауруханаға түсірген
Ақтауда екі жасөспірім 14 жастағы мектеп оқушысына әлімжеттік жасап ұрып-соққан. Олар бұл әрекетін видеоға түсіріп, жазбаны оның досына қорқыту мақсатында жіберіпті. Басынан жарақат алған зардап шеккен бала қазір Маңғыстау облыстық балалар ауруханасында жатыр. Жәбірленушінің туыстары кінәлілерді қатаң жауапқа тартуды талап етеді.
Автор: Ислам Қабылұлы
05.08.2026
Ақтоты Ахметқызы, жәбірленушінің әпкесі:
— Ол балалар, тіпті, өкініп те тұрған жоқ. Өзінің жасаған іс-әрекетін толық мойнына алды. Иә, кәдімгідей ашық айтып тұр. «Мен ұрдым», «мен жасадым», «керек болса, тағы да ұрамын», «маған не істейсіңдер» дейді, қасында анасы тұр. Ешқандай өкініш жоқ. Сосын учаскелік полиция арыз алмағаннан кейін, біз қалалық ішкі істер басқармасына барып арыз жаздық.
Ақтоты Ахметқызының айтуынша, таңға жақын інісі Әбіш дүкенге шыққан. Аулада оны екі жасөспірім әңгімеге тартқан. Кейін олар баланы ұрып, телефонын тартып алып, оның атынан сол үйде тұратын досына жазыпты. Алайда жолдасы сыртқа шықпаған соң, жасөспірімдер жазықсыз баланы төмпештеп, аяусыз ұра жөнелген. Тіпті бейнежазбаны досына жіберіп: «Егер шықпасаң, досыңды осылай ұрып-соғамыз», - деп қорқытқан. «Інім өзінің жолдасы мен басқа жасөспірімнің өзара кикілжіңі үшін жазықсыз таяқ жеп отыр» - дейді Әбіштің әпкесі.
Зардап шеккен жасөспірім Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, компьютерлік томографиядан және басқа да медициналық тексерулерден өткізілген. Дәрігерлер оның басынан ауыр жарақатты анықтап, шұғыл түрде ауруханаға жатқызды. Өңірлік полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты қылмыстың іс қозғалғанын мәлімдеді.
Әйгерім Ибатуллаева, Маңғыстау облысы полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
— Мұндай әрекет ауыр қылмыс ретінде сараланады және оны жасағаны үшін заңнамада қылмыстық жауапкерішілік көзделген. Жанжалға қатысқан барлық тұлға анықталып, заңды өкілдерімен бірге полиция бөлімшесіне жеткізілді. Барлық тергеу әрекеттері жүргізілуде. Кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін олардың заңды өкілдері заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияға қарау және өз құзыреті шегінде шара қабылдау үшін жолданды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары