{metadescription}
Флешмоб: 500 домбырашы Құрманғазының күйлерін бір мезетте орындады

Флешмоб: 500 домбырашы Құрманғазының күйлерін бір мезетте орындады

 «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда елорданың өнерлі жастары мен қала тұрғындарынан құралған ауқымды оркестр Құрманғазының күйлерін орындап, астаналықтардың қошеметіне бөленді.

Флешмоб алдында Қазақстанға танымал үш ақын Мұхтар Ниязов, Серікзат Дүйсенғазин мен Мейірбек Сұлтанхан күйшілерге арнау айтты. «Бес жүз күйші қолына домбыра алса, бес жүз жылқы шапқандай дүбірлетіп» деп жырлаған ақындар көпшілікті күйге одан ары ынтықтыра түсті.

«Бұл шара Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен «Байтақ» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыруымен мәдени мұрамыз бен ұлттық рухани құндылықтарымызды кең көлемде насихаттау мақсатында өткізіліп отыр. Сонымен бірге, қазақтың күйі арқылы жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа шақырғымыз келеді. Бірегей шарамыз Қазақстан халқының бірлігі күніне тұспа-тұс келді. Бұл жерде 500 домбырашы қатысып отыр. Олар Қазақ Ұлттық өнер университетінің, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың, Аграрлық университеттің студенттері, Оқушылар сарайы мен №3 музыкалық мектептің оқушылары және қала тұрғындары. Алдағы уақытта мұндай флешмобты бұдан да ауқымды етіп өткізу жоспарда бар», - дейді «Байтақ» қоғамдық қозғалысының төрағасы Жаңарған Құралұлы.

Ақындардан кейін ортаға шыққан «NOMAD» инструменталды жобасы өзінің танымал композицияларын орындады. Көп өтпей жиылған жұрттың ортасына мәдениет қайраткері, бес жүз күйшіден тұратын оркестрдің дирижері Нұрлан Бекенов шықты.

Күй басталарда сілтідей тынған көрермендер Құрманғазының «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлері орындалған кезде күйшілерге дауыстай қолдау білдіріп, ризашылықтарын танытты.

Ашық аспан астында өткен мерекелік флешмоб кезінде қазақ ұлттық музыкалық аспабының керемет үні жиналған қауымның жүрегін тербеді. Айта кетерлігі, күйшілердің ең үлкені 74, екі кішісі небары он жаста екен.

Дереккөз: Қазақпарат


 

 


 

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде