{metadescription}
Кәсіпкерлердің жағдайын жақсартатын заң әзірленуде

Кәсіпкерлердің жағдайын жақсартатын заң әзірленуде

ҚР Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті кәсіпкерлердің жағдайын жақсаруға бағытталған заң жобасын әзірлеуде.

Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысының Парламенттің 4-сессиясында қойған міндеттерін талқылауға арналған «Нұр Отан» партиясы фракциясының жиналысы барысында Нұртай Сабильянов депутаттардың назарын Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің ағымдағы және алдағы заңнамалық жұмысына аударды. 

«Бірінші, мемлекеттік сатып алуды, мемлекеттік, квазимемлекеттік сектордағы сатып алуды жеңілдету және тиімділігін арттыру бойынша комитетте осыған бағытталған заң жобасы талқылануда. Заң жобасы жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, басым міндеттерді жүзеге асыру үшін қаражатты босатуға және  бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, заң жобасында орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алу жүйесін енгізу, квазимемлекеттік субъектілеріне сатып алуды өткізудің бірыңғай тәсілдері мен қағидаттарын белгілеу және өзге нормалар қарастырылған. Кәсіпкерлердің жағдайын жақсарту үшін мемлекеттік сатып алу ақпараттық жүйесін ұлттық кәсіпкерлер ақпараттық жүйесімен біріктіру де қарастырылып отыр», - деді депутат.

Оның айтуынша, аталған заң жобасы бойынша депутаттар түзетулер мен ұсыныстар енгізді. Олар бизнес ахуалды жақсартуға, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, тәуекелдерді азайтуға бағытталған. Және де әлеуетті өнім берушілерге қойылатын біліктілік талаптарын күшейту, отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде қолдау, мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру кезінде баға түсіруді болдырмау, мемлекеттік сатып алуды бір көзден алу тәсілі арқылы жүзеге асыру негіздемесін алып тастау немесе нақтылау мәселесі қарастырылып отыр.

«Мұндай шаралардың тиімдігін мына мысалдармен де түсіндіруге болады. 2018 жылдың 8 айының ішінде 2 трлн 580 млрд теңгеге мемлекеттік сатып алу шарты жасалған екен. Ал егер біз оған квазимемлекеттік секторлардың сатып алуын қосатын болсақ, бұл 5 трлн теңгеге дейін өседі. Сондықтан да комитет бұл заң жобасын жан-жақты талқылап, осы айдың соңына дейін бірінші оқылымға енгізуге дайын»,-  деді Нұртай Сабильянов.

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде