{metadescription}
Ұлттық банк доллармен алынған ипотекаларды теңгеге ауыстырып жатыр

Ұлттық банк доллармен алынған ипотекаларды теңгеге ауыстырып жатыр

Қазақстанда жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылатын болады.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

«Бағдарламаны (ипотекалық займдарды қайта қаржыландыру - ҚазАқпарат) іске асыру қорытындылары бойынша Қазақстанда жеке тұлғалардың валюталық ипотекалық қарыздары теңгеге ауыстырылатын болады. 2016 жылдың 1 қаңтарында шетел валютасында табысы жоқ жеке тұлғаларға шетел валютасында жаңа ипотекалық қарыздарды беруге тыйым салынғанын ескерсек, Бағдарламаны жүзеге асыру банктердің портфельдеріндегі шетел валютасында берілген ипотекалық қарыздарды жоққа шығарып, халық үшін келешекте валюталық тәуекелдің алдын алады», - деді Банктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы Александр Терентьев.

2018 жылдың 27 наурызында Қазақстан Ұлттық банкінің Басқармасы 2015 жылғы сәуірде қабылданған Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасына өзгерістер мен толықтыруларды бекітіп отыр.

Атап айтқанда, бағдарламада жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін теңгемен алынған валюталық ипотекалық қарыздарын Қазақстан Ұлттық Банкінің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша қайта қаржыландыру көзделеді. Валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық Банктің қаражаты есебінен 150 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Осылайша, банктер қарыздарды қайта қаржыландырған кезде 136 млрд теңгеден астам сомаға сыйақы, өсімпұл (тұрақсыздық айыбы), комиссиялар бойынша қарыз алушылардың берешегін кешіретін болады.

Александр Терентьев банктердің валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру мерзімі 2018 жылғы 30 желтоқсанда, қарыз алушының қарызды қайта қаржыландыруға өтініш беру мерзімі - 2018 жылғы 15 желтоқсанда аяқталатынына назар аударды. Ол қарыздың Бағдарлама талаптарына сәйкестігін анықтау үшін қарыз алушылардың кредитор банкке өтініш беруі қажет екендігін атап өтті.

«Бағдарламаның өлшемшарттарына сәйкес келетін, алайда қайта қаржыландыру үшін банкке өтініш бермеген қарыз алушылардың қарыздары бойынша Бағдарламада белгіленген қайта қаржыландыру мерзімі аяқталғаннан кейін банктер қолданыстағы заңнамада көзделген қарыздарды өндіріп алу рәсімдерін қайта бастауға құқылы. Бұл ретте Ұлттық Банк ол кезде қарыз алушыларға банктердің өндіріп алу рәсімдерін жүргізуін тоқтата тұруға көмектесе алмайды», - деп хабарлады Александр Терентьев.

«Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «ForteBank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ,  «АТФБанк» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Kaspi Bank» АҚ, «Банк Kassa Nova» АҚ, «Еуразиялық банк» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Сбербанк России» АҚ ЕБ, «Bank RBK» АҚ, «KZI Bank» АҚ, «AsiaCredit Bank» АҚ, «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕБ, «Альфа-Банк» АҚ ЕБ, «Capital Bank Kazakhstan» АҚ және  «Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыруға кіріскен. 2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыруға 22,2 млрд теңге сомасына 2 504 өтінімді мақұлдап, 11,7 млрд теңге сомасына 1 551 қарыз қайта қаржыландырылған. Өңірлер мен банктер бойынша ақпаратпен сілтемесі арқылы «Банктердің ақшаны игеруі туралы ақпарат» бөлімінде толығырақ танысуға болады.

Сонымен қатар, А.Терентьев Бағдарламаның 2004 - 2009 жылдар аралығындағы кезеңде қарыз алған ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсетуге бағытталғанын ескертті. Көрсетілген қарыздарды қайта қаржыландыруға Ұлттық Банк  130 млрд теңге бөлген. Сондай-ақ Ұлттық Банктің қаражаты есебінен сотқа талап арыз бергенде банктер төлейтін мемлекеттік баж салығы бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын қарыз алушылардың 300 млн теңгеден астам сомаға берешегі өтеліп, проблемалық валюталық қарыздар бойынша 8 млрд теңгеден астам сомаға бағам айырмасы төленген.  2018 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша Бағдарлама шеңберінде банктер тарапынан 154,3 млрд. теңге сомасына 24 853 қарыз мақұлданды,  131,5 млрд. теңге сомасына 22 665 қарыз қайта қаржыландырылды.

«Жалпы алғанда, Қазақстан Ұлттық Банкі ипотекалық қарыз алушыларға қолдау көрсету үшін 300 миллиард теңгеден астам бөлді», - деп қорытындылады уәкілетті органның өкілі.    

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде