{metadescription}
ВИДЕО: Қазақ баласы Рубик текшесін аяқпен жинаудан ұлттық рекорд орнатты

ВИДЕО: Қазақ баласы Рубик текшесін аяқпен жинаудан ұлттық рекорд орнатты

Рубик текшесін аяқпен жинау бойынша Қазақстанның ұлттық рекордын орнатқан Ерасыл Болысбек Қостанайда тұрады.

Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Әлемде сатылым жағынан алдыңғы орында тұрған ойыншық - Рубик текшесі. Бүгінге дейін оның 400 млн-нан астамы сатылған деген дерек бар. Тіпті, 1987 жылы аталған «басқатырғыштың» 14 млн данасы сатылған.  Сонымен, бұл ойынды кім ойлап тапты? Венгриялық сәулетші Эрне Рубик Будапешт технология және экономика университетінің құрылыс-архитектуралық факультетін бітіріп, 5 жыл бойы ғимараттарды жобалаумен айналысқан. Одан кейін ол қолданбалы өнер академиясына оқытушы болып жұмыс істейді. Сабақ беру барысында үш өлшемді кеңістікті үйрету өте қиын екеніне көзі жетіп, оны оңай түсіндірудің жолын іздеумен болады.

Рубик алғашында өз мақсатына қалай жетуді көп ойланды. Бір күні ол Дунайдың жағасында отырып, толқындардың жұмыр тастарды ары бері қозғалтып, олардан көлемді геометриялық фигуралар жасайтындығына назар аударады. Бұл оған ой салып, үйіне асыға жетіп, бір жобаны ойластыра бастайды. Картон мен ағаш іске аспаған соң пластмассаға тоқталады. Кіші көлемдегі текшелер 3 ось бойынша айналуы үшін Эрне Рубик ішкі цилиндр механизмін ойлап табады. Әртүрлі нұсқаларды қарастырған Рубик өз жобасының сыртқы бейнесі үшін алты түсті қарапайым гамманы таңдайды. Студенттерге бұл идея өте қатты ұнап, Рубик өте бір қызықты ойын жасап шығарғанын түсінеді.

Рубик текшесін 1974 жылдан бастап кең тарайды. Алғаш рет әлем чемпионаты 1982 жылы Будапештте өтеді. Спорт ойындарының қатарына еніп, оған спидкубинг атауы беріледі. Содан бері бұл спорт көптеген елде қарқынды дамыды. Ал Қазақстан спидкубинг чемпионатына 2009 жылдан бері қатысып келеді. Сол жылдарда жалғыз ғана үміткеріміз әлемдік сындарға барса, 2016 жылы олардың саны 16-ға дейін өсті. Былтырғы өткен әлем чемпионатына 112 қазақстандық қатысып, бірнешеуі жүлдеге ілікті. Солардың бірі - қостанайлық Ерасыл Болысбек. Ерасыл бүгінде Сырбай Мәуленов атындағы Қостанай мектеп-гимназиясында оқиды. Ол Рубик текшесін мектепке бармай тұрып қолға ұстады. «13 жасымда Астанада өткен ҚР чемпионатына қатыстым. Ондағы жетістігіммен мақтана алмасам да, Семейде өткен «Semey Open 2018» халықаралық сайысында Қазақстанның ұлттық рекордын орнаттым. 3х3х3 жүйедегі текшені 1:19,80 минутта аяқпен жинадым», - дейді ол.

Ерасыл Болысбектің айтуынша, кез келген текшені жинастырушыға ең кемі 20 жүріс қажет.

«Негізі, бұл әдісті Огайо штатындағы Кент университетінің профессоры Морли Дэвидсон шығарған. Ол компьютердің көмегі арқылы барлық жүрісті мұқият қарап, тиімді жолдарын жазып отырған. Мен текше құрастыруға күніне 3-4 сағат уақытымды арнаймын. Оған кеткен уақытқа өкінбеймін. Кей кездері әлдебір нәрсеге қобалжысам қолыма Рубик текшесін аламын. Себебі, ол адамның жайсыз көңілін сергітеді. Сондықтан қазір достарымды да осы спорт түрімен айналысуға шақырып жүрмін», - дейді спидкубинг шебері.

Текшені шыр айналдырғанда не қызық бар деуіңіз мүмкін. Бірақ мамандардың кеңесіне сенсек, оны жай ғана айналдыра беру аздық етеді. Керісінше, Рубик текшесі - жылдам ойлау мен қолдың ептілігін қажет ететін спорттық ойынның бір түрі.

«Рубик текшесін құрастыру бойынша «Спидкубинг», «Бір қол» және «Рескрамбл» жүйелері бар. Олар түрлі әдістермен жиналады. Спидкубинг спортының сабақта, әсіресе, математикалық есептерді шешу кезінде пайдасы зор. Сонымен қатар, ойды лезде жинақтап, дұрыс шешім шығара білуге де көмектеседі. Патрик Понсу есімді 15 жасар рекордшы текшені небәрі 4,69 секундта жинайды. Менің де арманым - әлемдік рекордшылардың дәрежесіне көтерілу. Ол үшін әлі көптеген әдісті үйрену қажет», - дейді Ерасыл.

Ерасыл Болысбек осы уақытқа дейін 4 халықаралық жарысқа қатысты. Aktobe Cube Days 2018, Ural Winter 2018, Kazakhstan Open 2017 жарыстарында жақсы нәтижелерге жетті. Бастысы, оның жетістіктері бүкіләлемдік Рубик текшсесін құрастырушылардың тізіміне алынды.


 

 

 


 

Кеше

15 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде