{metadescription}
Ақтөбеде 60 отбасы апатты үйде жанын шүберекке түйіп отыр

Ақтөбеде 60 отбасы апатты үйде жанын шүберекке түйіп отыр

Ақтөбеде 2-3 қабатты апатты үйдің тұрғындары бүгін тағы көмек сұрады.

Олар 20 жыл бойы әкімдікке мәселені айтып,  жанын шүберекке түйіп отыр. Ақтөбе қаласындағы Чекалин көшесінің тұрғындары бүгін әкімдіктен тағы да көмек сұрады. Тұрғындар апатты үйдің мәселесін 20 жылдан бері көтеріп, әкімдерге өтініш жазумен келеді. Жыл өткен сайын үйлердің қабырғасы сөгіліп, шатыры тесіліп жатыр. Ал кәріз құбырлары жиі жарылады.

«Бұрын бұл үйлердің бәрі түрме әкімшілігіне қарады. Бұл жерде түрме қызметкерлері тұрды, ал төменгі қабатта нан пәсіріліп, шеберхана, дүкен жұмыс істеді. Ал қазір бәріне адамдар қоныстанған, мен де немерем үшін 2,5 миллион теңгеге бір бөлме сатып алдым. Көбіне әлеуметтік жағдайы төмен отбасы тұрады. Бірақ жыл өткен жайы үйдің жағдайы қиындап барады. Әкімдер келіп, бұл үйлер апатты деп танылды. Сонымен қатар, жеке компаниялар бағалады. Бар болғаны 1,5-1,7 миллион теңге деп отыр. Оған ешкім келіспейді. Себебі, біз ол қаржыға пәтер сатып ала алмаймыз. Бәрі сөз күйінде қалып, кәсіпкерлер де келуін тоқтатты», - деді Людмила Фурсова.

Қазіргі кезде Чекалин көшесіндегі 5 үй апатты жағдайда тұр. Онда 60-тан астам отбасы тұрады. Бала-шағалы отбасы бір күні үйіндінің асында қаламыз деп қорқады.

«Мен осы үйде 18 жылдан бері тұрамын. Үй ескі болса да ешкімге шағым айтып, көмек сұрамас едік. Бірақ біздің подьезде пәтер өртеніп, көршіміздің есігі құлыптаулы тұр. Ал екінші қабаттағы адам сол өрттің кесірінен баспанасынан айырылды. Себебі, еден ағаш, ал өрт кезінде ағаш жанып кетіп, пәтердің іші тесіліп қалды. Қазір терезелердегі әйнек сынып, дала көрініп тұр. Үйіміз салқын. Қыста еденді басып, жүре алмай бүрсеңдеп отырамыз. Немерелерім ауру болып, емханадан шықпайды. Енді қайда барамыз?», -  дейді тұрғын Раиса Бақтыбаева.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласы бойынша 16 апатты тұрғын үй бар. Барлығы 247 көне үй тіркелген. Қазіргі кезде Есет батыр көшесіндегі апатты үй бұзылып, орнына 9 қабатты үйді салу жұмысы басталды. 

«Ақтөбе қаласындағы Чекалин көшесінің үйлері апатты жағдайда. Апатты үйлердің орнына жаңасын салу туралы ұсыныстар ірі құрылыс компанияларына берілді. Бірнеше компания қарап, танысты. Бірақ ешқайсысынан жауап жоқ», - дейді Ақтөбе қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Ерлан Рамазанов. 

Дереккөз: ҚазАқпарат

Видео авторы: Алтынай Сагиндикова

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде