{metadescription}
Үшемге жүкті болған келіншек егіз босанды

Үшемге жүкті болған келіншек егіз босанды

Қырғызстанда 24 жастағы Гүлзина Әбдімәжитова Ош облыстық перзентханасында егіз баланы аман-есен дүниеге әкелді.

Алайда екіқабат кезінде ультрадыбыстық зерттеу оның үшем туатынын көрсеткен. Гүлзинаның 26 жастағы күйеуі Ынтымақ Базарбай Ош облыстық прокуратурасына дәрігерлердің үстінен шағым түсірді. Отбасы ота кезінде бірнәрсе болуы мүмкін, оны дәрігерлер жасырып отыр деп күмәнданады.

Екіқабат әйелге 9 сәуір күні кесарь тілігі жасалған. Отадан соң өз-өзіне келген әйелдің қолына дәрігерлер екі қызды ұстатып, егіз тудың деп құттықтаған. 2018 жылдың қыркүйегінде жүктіліктің екі айлық кезінде Гүлзина Джалал-Абадта УДЗ-ге түседі. Зерттеу оның жатырында үш эмбрион барын көрсеткен. Одан соң 2 сәуірде ауруына байланысты екіқабат келіншек Ош облыстық перзентханасына жатқызылып, ол арада да УДЗ-ге түседі. Ол кезде де үшем күтіп жүргенін дәрігерлер оған жеткізген.

"9 сәуірде түнде толғағым басталды. Дәрігерлер бір баланың көлденең жатып алғанын айтып, кесарь тілігін жасайтынын айтты. Мен өзімнің туа алатыныма сенгенмін. Бірақ дәрігерлердің сөзін құп көріп, соңында отаға келістім", - дейді Гүлзина.

Келіншек бала туған кезінде енесін қасына алмақшы болып жоспарлаған екен. Алайда ота басталғанда дәрігерлер әйелді ішке кіргізбей қойған.

"Маған наркоз берді. Содан екі қызымды туған соң талықсып кеттім. Одан соң не болғанын білмеймін. Ал есімді жиғанда қолыма екі қызымды берді. Мен не істерімді білмей, сасып қалдым", - дейді жас ана.

Егіз қыз туған ананы 16 сәуірде перзентханадан шығарады. Перзентхананың бас дәрігері Гүлбара Кенжебаева жатырдағы ұрықтың о баста екеу болған деп санайды. Ал "үшінші" бала УДЗ-де қате көрсетілген. Іште екі бала болғандықтан дұрыс көрінбеуі мүмкін дейді ол. 

"Мен ол әйелді босандырған жоқпын. Менің білетінім, екі қызды аман-есен дүниеге әкелген. Біреуінің салмағы 2 келі 520 грамм, екіншісінікі – 2 келі 440 грамм.  Негізі, УДЗ жатырдағы ұрық санын жүктіліктің 12 аптасына дейін анық көрсетеді.  Ал Әбдімәжитова аппаратқа кеш түскен, жүктілігінің 18 аптасынан соң. Мұндай жағдайда УДЗ-дің шатасуы әбден мүмкін ", - деді Кенжебаева берген сұқбатында.

Бас дәрігер ота кезінде әйелдің жатырында үшінші баланың болмағанын 9 медицина қызметкері растап бере алатынын айтады.

"Әйелдің егіз қыз туғанын растап беретін куәгерлеріміз де бар. Кесарь тілігі әдісімен ота жасалғанда екі акушер-гинеколог, үш акушер, екі анестезиолог, медбике, санитар қатысады, яғни жалпы саны  9 адам", - дейді Кенжебаева.

Сондай-ақ ол отаға әйелдің енесін неге кіргізбегенін де түсіндірді.

"Тәртіп бойынша ота жасалатын залға бөгде адамдар кіргізілмейді. Егер ол өзі босанған болса, онда оған ешкім кедергі болмас еді", - дейді бас дәрігер.

Енді дәрігерлер ішкі тексеріс жүргізіп жатыр. Олар бес УДЗ нәтижесі бойынша да неге бес бала көрсетілгенін анықтамақ.

Дереккөз: Sputnik

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде