{metadescription}
Аягөзде мотоциклмен жүретін 80 жастағы апа жұртты таңқалдырды

Аягөзде мотоциклмен жүретін 80 жастағы апа жұртты таңқалдырды

Аягөз ауданының жырақтағы елді мекені - Мәдениет ауылының көшесінен қарқарадай-ақ кимешекті кейуананың мотоцикл жүргізіп бара жатқаны бізді таңқалдырды.

Үстінде тізеден төмен, жиектері оюмен әдіптелген қызыл камзол. Тіркемесі артына жабысқан мотоцикл рулін сығымдай ұстаған ол қаққан қазықтай тік отырады екен. Көлік жүргізуде айтарлықтай тәжірибесі бар, өзіне тым сенімді екені көрініп тұр. Ауылдастарының мұндай жүргізушіге көздері үйренген сияқты. Ешқайсысы аңтарылып та, қаңтарылып та қарамақ түгіл,мойын да бұрмайды екен. Күнделікті, үйреншікті көрініс екені байқалады. Жасы 80-нен асса да бұл «хоббиін» тастай алмай жүргенінің сырын білгіміз келді:

-Шалым Мәрлен екеуміз де осы жердің тумасымыз. Өзімнің атым Жәниқа. Атамның атын айтқызатын болдың ғой, қарағым,-деп жымиып алды да пәмилем Мұқашева,-деп өзін таныстырды.

Биыл ақпан айында 80 жасқа толған Жәмиқа апа өзінің техникаға бала жасынан жуық жүргенін айтады. Бұрын Көктал деп аталған осы іргелі шаруашылықта токарь болған, қойма меңгерушісі қызметтерін атқарыпты. Бала жасынан велосипед жүргізген жан үшін мына көлікті тізгіндеу де қиын болмаған сияқты. Ауыл шетіндегі машина-трактор жөндеу(МТМ) шеберханасына жұмысқа да кезінде «ИЖ» маркалы мотоциклмен барады екен.

2007 жылы қажылық сапарға барып келген Жәниқа әже ақсақалының осы жерде кезінде комсомол-жастар бригадасының тәлімгері болғандығын, «Еңбек қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері екендігін жайып салды. Он баланың, отыз шақты немере мен оннан аса шөбересі бар адамның бұл көлікті жүргізуіне не түрткі болды деген сауалымызға:

-Әлгінде айттым, ақсақалым қой өсіруші жастардың тәлімгері болғандықтан, ауыл сыртында тұрдық. Сол жерде күні бүгінге дейін тұрып жатырмыз. Бір өкініштісі, бұл жерде ауызсу жоқ, тасымал. Сол ауызсу тасымал болғандықтан, осы мотоциклді сатып алғанбыз. Мына жарты шақырым болатын ауыл орталығынан су тасу оңай емес, шырағым. Одан қалса, осы көлігіме ақсақалымды салып алып, ауызашарға, той-томалаққа алып барамын. Бұл жерде төрт үй едік, қазір біз ғана қалдық. Кенже қызым Әлиямен бірге тұрып жатырмыз. Айтпақшы, Оразаларың қабыл болсын! Менің де аузым берік,-деп сексеннен асса да өзін сергек сезінетін Жәниқа әже көлігіне міне берді...

Дереккөз: altaynews.kz

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.