{metadescription}
СҚО-да жанармай құйылған екі көлік жанып кетті

СҚО-да жанармай құйылған екі көлік жанып кетті

Солтүстік Қазақстан облысындағы шаруашылықтардың бірінде бүгін жанармай құйылған автоцистерна өртеніп, қатты желдің салдарынан қасындағы жүк көлігі де жанып кетті.

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт Мағжан Жұмабаев ауданы Қарақоға ауылы маңындағы «Жигалова Карагугинское» шаруа қожалының аумағындағы жанармай базасында шыққан. Өрт сөндіру қызметіне шақырту күндізгі 14.51 минут кеткенде түсті.

Оқиға орнына Булаев және Петропавл қалаларының өрт сөндірушілері: барлығы 19 маман мен 4 техника жұмылдырылды. Өйткені олардың жұмысын қатты жел қиындатып жіберген еді. Мамандардың айтуынша, жалын шаруашылықтың жанармай базасында КАМАЗ автоцистернасынан дизель отынын ағызу кезінде шыққан. Қатты жел өртті өршітіп, қасында тұрған ГАЗ – 53 көлігін шарпыған. Салдарынан екі машина да жанып кетті.

Өрт сөндіру бөлімдерінің мамандары қызыл жалынмен шамамен 2,5 сағаттай алысып, сағат 17.39 минутта сөндірді. Жанармай сақталған ыдыстарға таралуына жол берген жоқ. Баспасөз қызметінің мәліметінше, адамдар дін аман. Әзірше өрттің шығу себебі және келген шығын мөлшері белгісіз.

Дереккөз: ҚазАқпарат

Кеше

12 қазан

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде