{metadescription}
Алматыда педофилді құрықтауға көмектескен психолог марапатталды

Алматыда педофилді құрықтауға көмектескен психолог марапатталды

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жасөспірімдерге зорлық көрсету фактісін анықтап, кінәлінің жазаға тартылуына мұрындық болған Матай орта мектебінің психологы Ажар Дүйсенбекованы қабылдады. 

Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Бұған қоса мектеп психологы жәбір көрген жасөспірімге дер кезінде психологиялық көмек көрсетіп, жарқын өмірге бет бұрғызған. Әкім Ажар Дүйсенбекова жайлы блогер Жанна Ахметованың Фейсбук парақшасынан білгенін айтты. Оқиғадан бері біраз уақыт өткенімен, бұл психологты кәсібилігі үшін марапаттауға кедергі емес екенін де жеткізді.

"Бүгінгі күні әрбір педагог, әрбір психолог осылай жұмыс істеуі керек. Балалар суицидінің алдын алып, қиын жағдайда оларға кәсіби маман ретінде көмектесе білдің. Қазіргі кезде суицид неге өсіп кетті? Қиын жағдайға тап болғанда жасөспірімдер тұйыққа тіреліп, жарқын өмірге шығатын жол таппай қалады. Айналасында адам толып жүрсе де, проблемасымен жалғыз өзі бетпе-бет келеді. Сондай кездерде баланың көңіл күйін байқап, әңгімелесіп, тығырықтан шығатын жол көрсету – отбасында әрқайсымыздың міндетіміз, ал мектепте мұғалімнің жауапкершілігінде. Сол жауапкершілікті үлкен абыроймен атқардың. Сенің осы кәсіби біліктілігің барлық педагогтарға үлгі болуы керек", - деді облыс әкімі А. Баталов.

Бұған қоса ол Ажар Дүйсенбековаға Құрмет грамотасын ұсынып, ноутбук сыйға тартты, деп жазады stan.kz. Ажар да өз кезегінде облыс басшысына алғысын білдірді.

"Менің орнымда болса, кез келген психолог осылай жасайды деп ойлаймын. Мен бір ерекше іс жасадым демеймін, тек өзімнің кәсіби міндетімді орындадым. Әрбір бала мейірім мен махаббатқа бөленіп өсуі керек, балаға зорлық жасауға ешкімнің де хақы жоқ. Сондықтан біз әрбір баланың тағдырына жауаптымыз. Мені елеп-ескеріп шақырғаныңызға, марапаттап жатқаныңызға шын жүректен алғысымды білдіремін", - деді А. Дүйсенбекова. 

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде