{metadescription}
Қазақстанның жаңа Бас мүфтиі сайланды

Қазақстанның жаңа Бас мүфтиі сайланды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кезектен тыс ІХ құрылтайында Серікбай қажы Ораз ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти қызметіне Наурызбай қажы Тағанұлының кандидатурасын ұсынды.

ҚМДБ баспасөз қызметінің мәліметінше, құрылтайға жиналған 300 делегат Серікбай қажы Ораздың ұсынған кандидатурасына бірауыздан дауыс беріп, қолдау көрсетіп, Наурызбай қажы Тағанұлын Бас мүфтилікке сайлады.

«Наурызбай қажы Тағанұлы менің бірінші орынбасарым ретінде көптеген игі жобаларды жүзеге асырды. Діни салада тәжірибесі мол. Наурызбай қажы Тағанұлының Діни басқарма жұмысын жандандырып, жаңа бастамаларға ұйытқы болатынына сенемін», – деп атап өтті Серікбай қажы Ораз.

Құрылтайға қатысқан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев Серікбай қажы Ораздың 2017-2020 жылдары атқарған жұмысына оң баға беріп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі. Сонымен қатар, діни саладағы ортақ шараларды бірлесе жүзеге асыруға ниеттестік білдірді. ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында:

«Құрылтайға еліміздің әр облысынан келген 300 делегат менің кандидатурама дауыс беріп, сенім білдіріп, Бас мүфти лауазымына сайлады. Бұл сенімді абыроймен ақтауға бар күш-жігерімді жұмсаймын. Жоспарлап отырған бірқатар жұмыстарымыз бар. Өздеріңіз білесіздер, 2020 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының құрылғанына 30 жыл толды. Осы мерейтой аясында 30 мешітке ел игілігі жолында қызмет еткен тұлғалардың, соның ішінде әл-Фараби мен Абайдың есімін беруді, 30 елді мекеннің ауыз су, жол-көпір мәселесіне оң ықпал етуді, 30 отбасыға қайырымдылық жасауды, 30 студентке грант тағайындауды, 30 мешітке күрделі жөндеу жүргізуді, т.б. игі іс-шараларды жүзеге асыруды жоспарлап қойдық. Барша жамағатты сауапты істі бірлесе атқаруға шақырамын», – деп атап өтті.

Айта кетсек, Наурызбай қажы Тағанұлы осыған дейін ҚМДБ төрағасының Бірінші орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің Бас имамы қызметін атқарды. Өтпенов Наурызбай Тағанұлы 1977 жылдың 13 наурызында дүниеге келген. Ташкенттегі «Имам Әл-Бұхари» атындағы Ислам институтын, ҚМДБ жанындағы Ислам институтын Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің магистратурасын, «Нұр-Мүбарак» Мысыр ислам мәдениеті университетінің PhD докторантурасын бітірген. Мысыр Араб Республикасында қысқа мерзімде діни білімін жетілдірген. Республикамыздың түрлі мешіттерінде имамдық қызмет атқарған.

ҚМДБ-ның Қарағанды өңіріндегі өкілі, Қарағанды қалалық №1 орталық мешітінің Бас имамы, ҚР Дін істері агенттігі Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі басқармасының бас сарапшысы, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Астана қаласы бойынша өкілі, «Нұр Астана» орталық мешітінің Бас имамы, ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Түркістан қаласындағы кеңсе басшысы, Түркістан облысы бойынша өкіл имам болған. 2018 жылдың қазан айынан бастап ҚМДБ төрағасының бірінші орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы қызметіне атқарған.


 

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде