Нұр-Сұлтанда теракт жасамақ болған ер адам ұсталды
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері күдіктіні ұстады, қолдан жасалған жарылғыш құрылғы тәркіленді.
18:23 26.03.2020
Нұр-Сұлтанда лаңкестік әрекет жасауды жоспарлаған ер адам ұсталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті 25 наурызда арнайы операция өткізген, нәтижесінде деструктивті діни ағымның жетегінде жүрген адам ұсталды. "Ол "ДАИШ"* халықаралық террористік ұйымының идеологиясын ұстанып, астана аумағында теракт дайындады деген күдікке ілінді", - делінген хабарламада.
Тергеу кезінде күдіктіден қолдан жасалған жарылғыш құрылғы тәркіленді. Оған қатысты Қылмыстық кодексінің 24 және 255-баптары (терроризм актісіне дайындалу) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
"ДАИШ"* - Қазақстанда және басқа елдерде тыйым салынған ұйым.