Коронавирус: Нұр-Сұлтанда төрт науқастың жағдайы ауыр
Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова елордада коронавирус инфекциясымен тіркелген соңғы 20 науқас туралы айтып берді.
18:50 26.03.2020
«20 науқастың 14-і — стационарлық емдеуде жатқан науқастар. Олардың бір бөлігі өкпе қабынуы күдігімен ЖРВИ белгілерімен және дене қызуымен ауруханаға түскен. Екінші бір бөлігі – 24-25 наурызда коронавирустық инфекция анықталған адамдармен жақын байланыста болғаны үшін тексеруге алынғандар. Сонымен бірге, науқастар арасында өзге елдерден ұшып келіп, оқшауланған адамдар да бар», - деді басқарма басшысы «Хабар 24» телеарнасында өткен брифингте.
Оның айтуынша, 6 жағдай Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындары арасында жүргізілген мониторинг барысында тіркелген.
«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтанда 61 адамнан коронавирустық инфекция табылып, стационарда жатыр. Төрт науқастың жағдайы – тұрақты ауыр. Олардың өкпе қабынуы расталды және тыныс жетіспеушілігі бар. Коронавирустық инфекция бойынша хаттамаға сәйкес ем-дом алып жатыр. Қалған науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, шағым жоқ, дене қызуы қалыпты», - деді Сәуле Қисықова.