{metadescription}
Төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге алатындардың тізімі кеңейтілді

Төтенше жағдайға байланысты 42 500 теңге алатындардың тізімі кеңейтілді

Енді азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатын адамдар, карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері де әлеуметтік төлем алады.

Төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем алатын азаматтардың тізімі кеңейтілді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі төлемді тағайындау шарттарын жеңілдетті. Сондай-ақ, енді өтінімдерді қарау және әлеуметтік төлемді тағайындау 7-ден 3 жұмыс күніне қысқартылды.

Бастапқыда 42 500 теңге (ең төменгі жалақы) орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлеріне, жеке кәсіпкерлерге, жеке практикамен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор), бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілерге беріледі деген шешім қабылданған. Енді бұл тізімге азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатын адамдар, салық агенттеріне міндетті зейнетақы жарналары төленген қызмет көрсету саласында қызмет ететін азаматтар, карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері кіреді.

Сонымен қатар енді төлем алушылар төтенше жағдайға байланысты табысын жоғалтқанын растайтын құжаттарды ұсынбайды. Бұрын әлеуметтік төлем алуға өтінішті жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін, ал жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адамдар және бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер өздері бере алатын. Жұмыс берушілер төтенше жағдай кезінде қызметті шектеуге байланысты өз қызметкерлерінің табысын жоғалтқанын растайтын құжаттарды, қызметкерлердің тізімін және қызметкерлерге жалақысы сақталмайтын еңбек демалысын беру туралы бұйрықтың көшірмесін ұсынуы керек еді.

Енді төтенше жағдай салдарынан кірісті жоғалту фактісін растайтын құжаттарды ұсынудың қажеті жоқ.  Төлем алу үшін жұмыс берушілер қызметкерлерінің тізімін көрсетіп, өтініш жазады. Ал жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын адамдар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер, азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатын адамдар жеке деректерін көрсете отырып, өтініш ғана жазады. Сондай-ақ, қызметкер жұмыс берушіні күтпей-ақ өтінішті өзі бере алады.

Төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты кірістерді жоғалту деректерінің дұрыстығына әр өтініш беруші өзі жауап береді. Өтініш электронды үкімет веб-порталында "электронды өтініш" сервисі арқылы электронды форматта беріледі. Сонымен қатар төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қажетті қатысу мерзімі қысқартылды.

Бұрын төлем тағайындау үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесінде соңғы 12 айда кем дегенде үш ай қатысу талап етілетін. Жаңа шарттар бойынша, енді қызметкер (жеке кәсіпкер және жеке практикамен айналысатын адамдар) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, ал азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша кіріс алатын адамдар бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына соңғы 12 айда кемінде бір рет әлеуметтік аударым жасаған болса, әлеуметтік төлем тағайындалады.

Төлем алуға өтініш жазған азаматтарға әлеуметтік аударым немесе зейнетақы жарналарының бар-жоғын дәлелдеудің қажеті жоқ.

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде