{metadescription}
Танымал тұлғалар Тоқаевқа жанайқайын жеткізді

Танымал тұлғалар Тоқаевқа жанайқайын жеткізді

Үндеухатта Атырау облысында коронавирус жұқтырған науқастар саны күн санап артып бара жатқаны айтылған.

Атырау облысының мемлекеттік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен белсенділері Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, коронавирус инфекциясы өршіп тұрған өңірге шұғыл көмек көрсетуді өтінді. Хаттың мәтінін Ақ Жайық өңірлік газеті жариялады.

Үндеухатта Атырау облысының басына қара бұлт үйіріліп, коронавирус жұқтырған науқастар саны күн санап артып жатқаны айтылған.

"Атырау облысы науқастар санының өсу қарқыны бойынша елде көш бастап тұр. Күніне жүздеген адам аурухана төсегіне таңылуда. Ал стационарларда адамдар қырылып жатыр. Бізде бұл трагедия тауқыметін тартпаған адам аз. Аймақты үрей, шарасыздық билеп тұр. Ауруханаларда мүлде орын жоқ деуге болады. Ал жедел жәрдем шақырылған уақыттан 4-5 сағаттан кейін келеді", - деп жазылған хатта.

Белсенділер барлық емханалар жабылғанын, әсіресе Қызылқоға, Мақат аудандарындағы жағдай қиын екенін атап өткен. Өлім көрсеткіші үлкен.

"Қасым-Жомарт Кемелұлы! Жоғарыда баяндалған жағдайды ескере отырып, бізге өзге елдерден келген (Ресей, Оңтүстік Корея және т.б.) дәрігерлерді жіберуіңізді сұраймыз. Атырау облысы коронавирус инфекциясымен күресуде тәжірибесі бар дәрігерлер көмегіне мұқтаж. Өкінішке қарай, жағдай өте ауыр. Кешіктіруге, кейінге қалдыруға мүлде болмайды", - дейді қайраткерлері.

Хатқа ҚР мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР еңбек сіңірген заңгері Ирак Елекеев, ҚР еңбек сіңірген әртісі, күйші Айгүл Үлкенбаева, этномузыкант, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайынов, композитор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ринат Гайсин, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сембек Жұмағалиев, "Құрмет" орденінің кавалері Әділ Қойтанов, белгілі әнші Жанна Орынбасарова, қалалық мәслихат депутаты, заңгер Салтанат Рахимова, қоғам қайраткері Ерлан Күмісқалиев, ҚР Журналистер Одағы мүшесі, "Айқын" газетінің меншікті тілшісі Тұрсын Қалимова қол қойған.   

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.