Талдықорған іргесіндегі жарылыстан 8 адам зардап шекті
Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған.
09:12 27.11.2020
Талдықорғанда газ баллонның жарылуы салдарынан жеке тұрғын үй қирап қалды. Sputnik Қазақстанға бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады. Оқиға орнынан 8 адам ауруханаға жеткізілді, оның үшеуі балалар.
26 қараша күні сағат 20:00 шамасында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне Талдықорған қаласының іргесіндегі Еркін ауылында жеке тұрғын үйде сыйымдылығы 5 литрлік газ баллоны жарылғаны туралы хабар түскен.
Жарылыс салдарынан өрт шыққан жоқ. Алайда тұрғын үйдің қабырғалары мен шатыры қирады.
"Жарылыс салдарынан 8 адам зардап шекті. Оның үшеуі балалар. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді", – деді Талғат Уәли.
Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған. Оқиға орнында Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің мамандары мен техникалық құралдары, 8 жедел жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері жұмыс істеді.
Сондай-ақ зардап шеккендердің туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін психолог мамандар да оқиға орнына шақыртылды.