Семейде 4 балаға иіс тиді
Семей қаласында пеш ақауының салдарынан төрт бала мен бір ересек адамға иіс тиген.
14:05 18.01.2021
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 15 қаңтарда түнде жедел жәрдем станциясының кезекші диспетчеріне Бобровка саяжай қауымдастығында 5 адамға иіс тигені жайлы хабар түскен. Оқиға орнына бірден медицина қызметкерлері аттанды.
«Анықталғандай, бұған пештегі ақау себеп болған. Иіс тиген 4 бала мен 1 ересек азамат ауруханаға жеткізілді», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Осы ретте, ТЖД өңір тұрғындарына пеш мұржасын уақтылы тазалап, өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін еске салады.