Аягөзде иіс тиген ана мен бала көз жұмды
Шығыс Қазақстан облысы Аягөз қаласында иіс тиген 32 жастағы әйел мен оның баласы мерт болды.
16:11 19.01.2021
ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, 19 қаңтарда сағат 09:30-да Аягөз қаласының Серғазин көшесіндегі жеке тұрғын үйде 4 адамға иіс тиген. Әйел адам бірден сол жерде көз жұмды. Ал оның 3 баласы ауруханаға жеткізілген.
«Біраз уақыттан кейін 2008 жылы туған ұл ауруханада жан тапсырды. Ал 2013 және 2015 жылғы екі бала әлі ауруханада жатыр», - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Оқиға орнында ТЖД мамандары жұмыс істеуде. Алдын ала мәлімет бойынша жазатайым оқиғаның себебі – пеш мұржасының уақтылы тазаланбауынан болуы мүмкін. Құтқарушылар улы газды сезу өте қиын екенін атап өтті, өйткені оның түсі де, иісі де жоқ. Уланып қалмас үшін пеш жабдықтары мен желдеткіштің жай-күйін үнемі бақылау керек. Пешті пайдаланар алдында әрқашан тартқышты тексеріп, абайлап жағу керек.