Ақтөбеде ұры мүгедек ерлі-зайыптыны көсеумен ұрған
Ақтөбе полициясы қарақшылық жасаған күдіктіні ұстады.
15:13 22.01.2021
Полицияға белгісіз біреудің терезе арқылы кіріп, отбасы мүшелерін көсеумен ұрып соққаны туралы ақпарат түсті.
«17 қаңтарға қараған түні белгісіз ер адам бөтеннің терезесінен үйге кіріп, қолындағы көсеумен ІІ-топтағы мүгедек 72 жастағы зейнеткерді және оның І-топтағы мүгедек әйелін ұрып, денсаулыққа зиян келтірген. Сөйткен ол қарттардың 20 000 теңге көлеміндегі бар ақшасын алып, оқиға орнынан қашып кетті», - деп хабарлады Ақтөбе облысының ПД.
Қылмысты ашу үшін жедел-тергеу тобы құрылып, полицияны барлық жасағы іздеу жұмысына жұмылдырылды.
«Көп ұамай 45 жастағы күдікті анықталып, ұсталды. Ол ақшаны өз қажеттілігіне жұмсап үлгерген», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Күдікті Ақтөбе қаласының уақытша ұстау изоляторына қамалды.