Нұр-Сұлтанның бас санитар дәрігері қала тұрғындарына үндеу жасады
Нұр-Сұлтанның бас мемлекеттік санитар дәрігері Сархат Бейсенова Халықаралық әйелдер күні қарсаңында астаналықтарға үндеу жолдады.
11:07 03.03.2021
"Мереке күндері қарсаңында қала тұрғындары мен елорда қонақтарына карантиндік шектеу шараларын сақтау туралы тағы да хабарлағым келеді: Маска режимін, әлеуметтік қашықтықты сақтау, мүмкіндігінше көпшілік жиналатын орындарға бармау, бұқаралық іс-шаралар ұйымдастырмау", - деді Сархат Бейсенова.
Ол коронавирус инфекциясы бойынша қабылданған шектеу және эпидемияға қарсы шаралардың нәтижесінде Нұр-Сұлтанда COVID-19-бен сырқаттанушылық қаңтармен салыстырғанда 33,8 пайызға төмендегенін атап өтті. Дегенмен ауырғандар саны соңғы аптада 4,3 пайызға өсті. Айта кетейік, қазір Нұр-Сұлтан 100 мың тұрғынға шаққанда 54,04 апталық қарқынды көрсеткішпен "сары" аймақта тұр.