Көксу ауданында қойылған 9 блокбекет алынып тасталды
Алматы облысының Көксу ауданына қойылған 9 блокбекет алынып тасталды.
18:40 13.04.2021
Бір тәулікке жетпей ауданның санитариялық дәрігері қаулысын өзгертті. 9 ауылдың кіре берісіне қойылған блокпостардың не себепті алынып тасталғанын Алматы облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі түсіндірді.
«Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті «Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2021 жылғы 12 сәуірдегі №13 қаулысының негізінде карантин шараларын қатаңдату туралы шешімдерді қалыптасып отырған эпидемиологиялық жағдайға байланысты облыстардың, Алматы, Нұр-сұлтан, Шымкент қалаларының, сондай-ақ халықтың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласындағы қызметті жүзеге асыратын Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлер қабылдайтынын хабарлайды. Осыған байланысты, Департамент Алматы облысы Көксу ауданының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 9 сәуірдегі №54 қаулысының 14 сәуір күні сағат 00-ден бастап күші жойылатынын мәлімдейді», - делінген ведомствоның хабарламасында.
Яғни, енді аудандық деңгейдегі санитариялық дәрігерлер карантин шараларын қаулымен қатаңдата алмайды. Тек облыстың бас санитариялық дәрігерлеріне ғана мұндай құзірет берілген.
Айта кетейік , Көксу ауданының санитариялық дәрігері ауданда коронавирус жағдайы күннен күнге ұлғайып бара жатқандықтан өткен тәулікте ғана 9 блокпост қойған болатын. Жалпы аудандағы ахуал бойынша сәуір айында коронавирус инфекциясының 128 жағдайы тіркелген.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!