{metadescription}
Қазақстанда LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталды

Қазақстанда LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталды

Шектеу әлеуметтік желіде жалған аккаунттардың көбеюімен және республика аумағында тыйым салынған интернет-казиноны жарнамалаумен байланысты.

Қазақстанда іскерлік байланыстарды іздеу және орнатуға арналған LinkedIn әлеуметтік желісі бұғатталды. Желі қолданушылары 26 шілде кешке сайтқа кіре алмай жатқанын айтып шағымдана бастады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі LinkedIn желісіне қолжетімділік ресурс тарапынан болған заңбұзушылықтарға байланысты шектелгенін түсіндірді.

«LinkedIn интернет ресурсына мониторинг жүргізу барысында бірнеше заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, интернет-казиноны жарнамалау және біреулердің атынан жалған аккаунттар ашу. Аталған заңбұзушылықтар Қазақстан Республикасының заңнамалық талаптары мен қатар LinkedIn интернет ресурсының ішкі ережелеріне де қайшы келеді», - делінген аталған ведомствоның баспасөз хабарламасында.

Ведомство ақпаратынша, LinkedIn-нің пайдаланушы келісімінде қатысушылар жариялайтын ақпарат шынайы және заңды болуға, үшінші тарапқа тиесілі құқықтарды бұзбауға тиіс екені көрсетілген.

Бұған қоса, интернет-ресурстың жарнама орналастыру ережелерінде қолданушының жалған ақпарат ұсынуына немесе жаңылыстыруға, сондай-ақ құмар ойындар жарнамасына тыйым салынған.

«Осы орайда министрлік ҚР «Байланыс» туралы» заңының 41-1 бабының 3-1 тармағына сәйкес, заңбұзушылықтың орын алғанын анықтап, LinkedIn интернет ресурсының әкімшілігіне аталған олқылықты жою туралы хабарлама жіберді. Өкінішке қарай, желі әкімшілігі тарапынан заңбұзушылық әлі күнге дейін жойылған жоқ» - делінген ақпаратта.

Заңбұзушылықтар жойылған жағдайда Қазақстан аумағында LinkedIn желісі қайта ашылады. Айта кетсек, 2018 жылдың қазанында ақпарат министрлігі азаматтарға LinkedIn әлеуметтік желісі арқылы ақпарат жіберумен байланысты алаяқтық фактілері жиілеп кеткенін ескертті.

Бүгінде LinkedIn желісіне 500 миллионнан астам қолданушы тіркелген, сайт 24 тілде жұмыс істейді. 2016 жылдың маусымында Microsoft компаниясы сайтты 26,2 миллиард долларға сатып алды. 2016 жылдың тамызынан бастап LinkedIn ресейлік қолданушылардың жеке деректерін сақтау ережелерін бұзғаны үшін Ресей аумағында бұғатталды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

ЖӘНЕ ҚАРАҢЫЗ
ЖӘНЕ ОҚЫҢЫЗ

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Загрузка...
Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.