Еуропарламент вице-президенті жемқорлық ісі бойынша ұсталды
Бельгияда Еуропарламент вице-президенті Ева Кайли мен тағы төрт саясаткер ұсталды.
Фото: depositphotos.com
13:34 10.12.2022
Олар Парсы шығанағындағы елдердің бірі Еуропарламентте өз ықпалын «сатып алуына» байланысты жемқорлық ісі туралы тергеу аясында тұтқындалды.
Тергеушілер нақты елді атап өткен жоқ. Алайда, бельгиялық БАҚ, атап айтқанда Le Soir газеті дереккөзге сілтеме жасай отырып, қазір футболдан Әлем чемпионатын өткізіп жатқан Катар екенін хабарлады.
Ресми аты аталмаған ел лауазымды тұлғаларға пара беріп, Еуропарламентте өз мүддесін көтерген. Жұма күні Брюссельде жүргізілген 16 тінту жұмысы барысында полиция компьютерлер, ұялы телефондар мен 600 мың еуро қағаз ақша тәркілеген. Ұсталушылар арасында Италиядан сайланған бұрынғы депутат, Халықаралық кәсіподақ конфедерациясының басшысы, ҮЕҰ директоры мен депутаттардың бірінің көмекшісі бар. Бельгия құқық қорғау органдары бірнеше ай бойы тергеу жүргізіп келеді.
Еуропалық парламент өз мәлімдемесінде сот ісіне түсінік бермейтінін, сәйкес ұлттық органдармен ынтымақтастық жасап отырғанын хабарлады.
Дереккөз: ҚазАқпарат
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!