Ақмола облысында екі басқарманың басшысы ауысты
Ақмола облысында білім, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармаларының жаңа басшылары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
18:20 25.04.2023
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысы әкімінің өкімімен Шоқан Жетпісбайұлы Оразалин білім басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Шоқан Жетпісбайұлы 1977 жылы Солтүстік Қазақстан облысында туған. 2007 жылы Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетін «агроинженерия бакалавры», 2013 жылы Көкше академиясын «тарих бакалавры», 2020 жылы А. Мырзахметов атындағы Көкшетау университетін «экономика ғылымдарының магистрі» біліктілігі бойынша бітірген.
Еңбек жолын совхоз жұмысшысы болып бастаған. Әр жылдары орта мектеп мұғалімі, Щучье гуманитарлық-техникалық колледжінің, Бурабай аграрлық-техникалық колледжінің, Щучье қаласының экология және орман шаруашылығы колледжінің өндірістік оқыту шебері, сондай-ақ Щучье қаласының жоғары техникалық колледжінің орынбасары, кейін директоры болып жұмыс істеді.
Тағайындауға дейін Шоқан Жетпісбайұлы Ақмола облысы білім басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды. Сонымен бірге, Ақмола облысы әкімінің өкімімен Кенеш Ғалибекұлы Әлімжанов ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Кенеш Ғалибекұлы 1978 жылы Қостанай қаласында дүниеге келген. 1999 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін «заңгер» біліктілігі бойынша, 2007 жылы Зулкайнар Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін «есеп және аудит бакалавры», 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясын «мемлекеттік басқару магистрі» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын Қостанай қаласы «Қостанай автобус паркі» ЖШС заңгері болып бастады. Әр жылдары әртүрлі басқарушылық лауазымдарда жұмыс істеді. Тағайындауға дейін Ақмола облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары