{metadescription}
Президент ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулені қабылдады

Президент ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулені қабылдады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЮНЕСКО-ның бас директоры Одрэ Азулені қабылдады.

Бұл туралы Ақорда хабарлайды.

Кездесу барысында Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы мәдени және тарихи мұраларды сақтау, білім және ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейту ісіндегі ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Одрэ Азулеге ілтипат білдіре отырып, оның ЮНЕСКО бас директоры ретіндегі көшбасшылығын жоғары бағалайтынын, сондай-ақ ұйымды одан әрі нығайтуға бағытталған қызметіне қолдау көрсететінін атап өтті.

Президент бас директорға Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барғаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ оның Түркістанға сапарын азаматтарымыз оң қабылдағанын және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жарияланғанын жеткізді.

«Сіздің сапарыңыз Қазақстан мен ЮНЕСКО арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін аса маңызды. ЮНЕСКО біз үшін ерекше ұйым әрі басымдыққа ие. Біз осы өзара қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймы»з, – деді Президент.

Мемлекет басшысы климат, биоалуантүрлілік және су ресурстары салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыруға Қазақстан ниетті екенін жеткізді. Жақын арада Өңірлік көпсалалы кеңсе болып қайта құрылатын Алматы қаласындағы ЮНЕСКО бюросының қызметі – Қазақстанның осы ұйыммен табысты байланысының жарқын мысалы.

Сонымен қатар, ЮНЕСКО-ның Бас директоры Одрэ Азуле Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа «Бурабай» және «Марқакөл» қорықтарының биосфералық резерваттардың жаһандық желісіне қосылғанын, сондай-ақ «Ортеке» музыкалық-қуыршақ өнерінің ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгенін растайтын сертификаттарды табыстады.

Сондай-ақ Одрэ Азуле қазақ жерінде қонақжайлық көрсеткені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұралары тізіміне енген Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне сапарынан алған әсерімен бөлісті.

Бұдан бөлек, ЮНЕСКО-ның бас директоры ҚР Президентінің басшылығымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды реформаларға, соның ішінде азаматтық қоғамды нығайтуға, білім және мәдениет саласын дамытуға қатысты бастамаларына жоғары баға берді.

«Менің Қазақстанға жасаған сапарым сіздің еліңіздегі маңызды стратегиялық кезеңмен тұспа-тұс келді. Сіз ауқымды реформа жүргізіп жатырсыз. Бұл істе сіздің президенттік мандатыңыз шешуші рөл атқаруға тиіс», – деді Одрэ Азуле.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде