«Дикий» Арман мен Қайрат Құдайбергеннің ісі жабық түрде өтетін болды
Бүгін Алматыда Арман Жұмагелдиев пен Қайрат Құдайбергенге қатысты қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау аяқталды. Алдағы сот отырыстары жабық түрде өтетін болды.
16:18 21.09.2023
Алматы қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, сотқа қатысушылардың қауіпсіздігі мақсатында қылмыстық істі қарау жабық форматқа ауыстырылды.
Сотталушылардың жалпы саны – 45 адам.
«Оларға «Билігін немесе лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану» (Қылмыстық кодекстің 362-бабы), ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық ету және оған қатысу (ҚК-нің 262-бабы), қарақшылық шабуыл (ҚК-нің 191-бабы), заңсыз бас бостандығынан айыру (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы Қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК-нің 272-бабы), бандитизм (ҚК-нің 268-бабы) бойынша айыптар тағылды», – делінген хабарламада.
Атап өтілгендей, отырыс барысында процеске қатысушылардан сотталушыларға қатысты бұлтартпау шарасын өзгерту және жою, қылмыстық істі қайтару және тоқтату, жақын туыстарын қорғаушы ретінде тану туралы жүзден астам өтінішхат түскен.
«Сондай-ақ іс бойынша 10 жәбірленуші, 1 куәгер және 1 сотталушы сот отырысын жабық түрде өткізуді сұрады. Олар өз өмірлері, отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігі үшін қауіптенетінін білдірді. Бұл өтініштерді сот қанағаттандырды», – деп түсіндірді сот өкілдері.
Басты сот отырысы осы жылдың 6 қазанына белгіленді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!