{metadescription}
Ресейде Есіл мен Тобылдағы су деңгейі шекті деңгейден асып кетті

Ресейде Есіл мен Тобылдағы су деңгейі шекті деңгейден асып кетті

Ресейдің Түмен және Қорған облыстарында Есіл және Тобыл өзендеріндегі су деңгейі шекті деңгейден асып, әлі де көбейіп жатыр.

Түмен облысында бөгеттердің жарылуы немесе сол арқылы су көлемінің арту қаупі артып келеді. Қазан және Есіл аудандарының бірқатар елді мекендерінде шұғыл эвакуация жүргізіліп жатыр.

Түмен облысы билігінің мәліметінше, Есіл өзеніндегі судың нақты деңгейі 33-тен 76 см-ге дейін көтерілген. Қазақстанмен шекарадағы Ильинка ауылында Есіл деңгейі 2017 жылдағы тарихи максимумнан 49 см-ге асып, 884 см-ге жетті. 

Түмен облысының губернаторы Александр Моор тұрғындарға арнаған видеоүндеуінде Росгидрометтің жаңартылған болжамы бойынша Есіл өзеніндегі судың көтерілуі сәуір айының басындағы ақпаратпен салыстырғанда айтарлықтай жоғары болатынын айтты. Осыған байланысты су басу қаупі жоғары елді мекендердің саны артты.

«Су деңгейі әлі де артады деп жатыр. Бөгеттердің бұзылуы немесе толып кету ықтималдығы артып келеді. Сондықтан біз тұрғындарды шұғыл эвакуациялауды бастап жатырмыз. Біздің мамандар алдын ала су қаупі бар аймақтардағы барлық үйді аралап шықты. Қауіпті бәріңіз біліп отырсыздар. Бағалы заттарыңызды жинап, дереу қауіпсіз жерге – туыстарыңызға немесе уақытша эвакуация орталықтарына барыңыздар. Уақытша орналастыру орталықтарында сіздерге қажеттінің барлығын береміз. Жағдай өте ауыр», - деді Александр Моор халыққа жасаған үндеуінде.

Қорған облысында Тобыл өзеніндегі су тасқынына байланысты қиын жағдай қалыптасып отыр. Қорған облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алты муниципалитетте, 25 елді мекенде, 669 тұрғын үй мен 2376 саяжайда, суы төмен 5 көпір мен 9 жол учаскесін су басқан.

Әртүрлі елді мекендерде 13 567 адам эвакуацияланды, сыйымдылығы 5 мыңнан астам адамды құрайтын 16 уақытша орналастыру пункті ашылды. Онда 900-ден астам адам орналастырылған. Қорғанда бөгеттің жотасы 11-11,5 метрге дейін ұлғайтылды. Бұл судың болжамды көтерілу деңгейіне шамамен 2 метрлік қор болып саналады.

Ең ауыр су тасқыны Батыс Қазақстан облысымен шекаралас Елек ауылында болды. Сәуірдің 17-сі күні таңертең ауыл маңындағы су деңгейі 918 см болды. Бұған дейін бұл жерге қосымша құтқару күштері жіберілген болатын. Нәтижесінде тасқынға қарсы құрылымдарды алдын ала нығайтып, ұзындығы бір шақырымға жуық су толтыратын бөгет орнатуға мүмкіндік туды.

Орынбор облысы үкіметі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Орынборда 11200 шаруашылық учаскелері мен 6527 шаруашылықты, оның ішінде 55 көпқабатты үйді су басқан. Облыс орталығының айналасындағы жаңа аумақтарды су басу қаупі бар, тұрғындарға тез арада үйлерінен кету ұсынылды.

Дереккөз: Kazinform

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде