{metadescription}
Қазақстанда мемлекеттік бюджетті бақылаудың жаңа тәсілі енгізіледі

Қазақстанда мемлекеттік бюджетті бақылаудың жаңа тәсілі енгізіледі

Қазақстанда цифрлық теңгені енгізу жобасын талқылау 2021 жылдың шілдесінде басталғаны белгілі.

Ал, 2023 жылдың қарашасында цифрлық теңгені іске қосу рәсімі өтті. Биыл елімізде мемлекеттік сатып алу үшін таңбаланған құралдар тетігін пайдалану бойынша пилоттық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мамандары агенттік тілшісіне цифрлық теңгені таңбалау туралы толығырақ айтып берді.

Бұған дейін Қазақстанның ұлттық төлем корпорациясының төрағасы Бинур Жаленов цифрлық теңге ұлттық валютаның үшінші нысаны екенін атап өткен еді. Оның пікірінше, инновациялық қаржы қызметтерін құру үшін блокчейн технологиясының әлеуетін ашып, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, дәстүрлі қаржы мен цифрлық активтер әлемі арасында «көпір» болмақ.

Белгілі болғандай, цифрлық теңге таңбалауыштар қолма-қол ақшаның цифрлық аналогы түрінде ұсынылған. Әр таңбалауыш белгілі бір мәнге иә. Бюджеттік шығыстарға бөлінетін цифрлық теңгелер сала бойынша әртүрлі түске боялады екен. Мысалы, мектеп салу үшін боялған цифрлық теңге тек мектеп салу шығындарын төлеуге жұмсалуға тиіс.

— «Ақшаны таңбалауды» іске асырумен сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, ҚР Ұлттық банкінің, Қаржы министрлігінің, Ауыл шаруашылығы министрлігінің, жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ мемлекеттік ақшаны қолдана отырып, өзара есеп айырысуға қатысатын қаржы институттары мен квазимемлекеттік ұйымдардың өкілдері айналысады. Цифрлық теңге платформасын тікелей әзірлеумен және жетілдірумен ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы — «Ұлттық төлем корпорациясы» АҚ айналысады», — делінген Kazinform агенттігі тілшісінің ресми сұрауына келген жауапта.

Цифрлық теңгені бақылау жөніндегі арнайы қызметті құру туралы шешім мемлекеттік сатып алу үшін таңбаланған құралдар тетігін пайдалану жөніндегі 2024 жылғы пилоттық жобаның нәтижелеріне сүйене отырып қабылданады.

Антикорда алдын ала талқылау шеңберінде жоғарыда аталған өкілеттіктерді мемлекеттік бюджет әкімшілеріне беру көзделіп отырғаны нақтыланды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілінің айтуынша, токендерді таңбалау тетігін әзірлеуге мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді. ҚР Ұлттық Банкі жобаны Ұлттық қаржы инфрақұрылымын дамыту жоспарына сәйкес әзірлейді.

— Мемлекеттік сатып алуға бөлінген ақшалай қаражатты бюджеттік бағдарламаның иесі олардың мақсатты пайдаланылуын қадағалау үшін белгілейтін болады. Цифрлық теңге токендерінің таңбалануы олардың иесіне көрінетін болады, яғни таңбаланған цифрлық теңгенің иесі заңды тұлға өзіне тиесілі қаражаттың таңбаланғанын көреді, — деп түсіндірді Антикордан.

Қаражатты алушының шотына түскен кезде белгі автоматты түрде алынады деп болжанып отыр.

— Заңды тұлғалардың шоттарына есепке алу кезінде таңбалауды алып тастау шарты мәселесі әзірге Ұлттық банкпен, қаржы министрлігімен және басқа да мемлекеттік ұйымдармен талқылау сатысында тұр. Ақшаны таңбалау жалақыны есептеу кезінде, яғни еңбекақы төлеу қорынан қаражатты азаматтардың тікелей цифрлық шоттарына аудару кезінде, сондай-ақ тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді (тікелей өндірушілерге, импорттаушыларға, сауда ұйымдарына және т. б.) төлеу үшін түпкілікті өндірушілерге және өзге де субъектілерге қаражатты есептеу кезінде алынады деуге болады, — дейді Антикор басшылығы.

Естеріңізге сала кетейік, толыққанды функционалы бар цифрлық теңгені өнеркәсіптік пайдалануға енгізу 2025 жылға жоспарланып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.