{metadescription}
Сенат органикалық өнімдерді арнайы таңбалауды талап ететін заңды мақұлдады

Сенат органикалық өнімдерді арнайы таңбалауды талап ететін заңды мақұлдады

Сенат депутаттары «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» заңды мақұлдады.

Заңға палатаның аграрлық мәселелер, табиғат пайдалану және ауылдық аумақтарды
дамыту комитеті қорытынды жасаған. Комитет мүшесі Арман Өтеғұловтың айтуынша, заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары көзделген.

Сондай-ақ заңда органикалық өнімді өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленіп, есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген.

«Заңмен органикалық өнім өндіру процесін сертификаттау көзделеді. Бұл тәсіл өндірістік процестерді нақтылайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Сондай-ақ, сәйкестік сертификатының қолданылуын тоқтата тұрудың және тоқтатудың негізі айқындалды. Органикалық өнім өндірушілер бірлескен қызмет туралы шарт негізінде (жай серіктестік) топпен сертификаттаудан өте алады», — дейді Армен Өтеғұлов. 

Оның айтуынша, бұл органикалық өндірушілердің ынтымағы мен интеграциясына ықпал етеді және белгілі бір өндіруші үшін сертификаттауға кететін шығындарды азайтады.

Органикалық өнімді қолдан жасаумен күресу үшін органикалық өнімді таңбалау қарастырылған.

«Мұндай таңбалау сәйкестік сертификаты болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Ал оның жарнамасында тек „органикалық“ деген сөз бен оның туындылары қолданылуы мүмкін. Заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз етуді регламенттейтін баппен толықтырылды. Жалпы заң елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы және экологиялық таза өнімді тұтынуға оң әсер етеді», — деді сенатор.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде