Орталық Азия елдері өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеді – Қасым-Жомарт Тоқаев
Дамудың жаңа тарихи кезеңінде Орталық Азия елдері көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерді.
Фото: Ақорда
10:42 08.08.2024
Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» тақырыбымен жарияланған мақаласында айтылған, деп жазады kazinform.
«Орталық Азия аймағы сан ғасырдан бері біртұтас геосаяси және рухани кеңістік ретінде белгілі. Бұл – табиғи ресурсы мен адам капиталы мол, мәдени-тарихи мұрасы бай өңір. Көшпелі және отырықшы өмір салтының үндестігі мұндағы шаруашылық жүйенің негізі болып қана қоймай, аймақтың өзіндік саяси-құқықтық мәдениетін және кез келген өзгеріске бейімдігімен, төзімділігімен ерекшеленетін құндылықтар жиынтығын қалыптастыруға ықпал етті. Орталық Азия кеңістігі сан алуан империяның құрылғанына, ыдырағанына, саяси және экономикалық модельдердің табиғи жолмен дамығанына куә болды, бірақ өзіне тән бірегейлігін сақтап қалды. Халықтарымыз ежелден түрлі өркениетпен тіл табысып, қарым-қатынас орната білді. Соның арқасында бұл аймақ өзінің этномәдени және рухани ерекшелігін сақтай отырып, Ұлы Жібек жолының және тұтастай алғанда үлкен Еуразияның тарихында шешуші рөл атқарды», - делінген Мемлекет басшысы мақаласында.
Президенттің жазуынша, дамудың жаңа тарихи кезеңінде Орталық Азия елдері көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерді. Дегенмен Орталық Азия республикалары «қалыптаспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пессимистік болжам расталған жоқ. Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды.
«Халықтарымыздың бірлігі мен даналығының арқасында біз өзіміздің аумақтық тұтастығымызды, еркіндігіміз бен егемендігімізді нығайттық. Бүгінде өңірдегі әрбір елдің мемлекеттік құрылыс, нарықтық экономиканы дамыту, мәдени мұрасын қалпына келтіру, ұлттық бірегейлігін қалыптастыру ісінде өзіндік тәжірибесі бар десек, артық айтқандық емес. Қоғамдық және мемлекеттік институттар жаңғыртылды. Дамыған инфрақұрылым мен өнеркәсіп желісі құрылды, мыңдаған шақырым жаңа теміржол мен автокөлік жолы салынды, маңызды әлеуметтік нысандар бой көтерді. Біздің ашықтық пен жаңару жолындағы бағытымыз ұлттық экономикаларымыздың дәйекті түрде өсуін және олардың әлемдік экономикалық қатынастарға ықпалдасуын қамтамасыз етті. Білім беру, денсаулық сақтау және зейнетақы жүйелерінің жоспарлы дамуы халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының айтарлықтай жақсаруына септігін тигізді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!