Қазақстан Орталық Азия жастарына беретін жоғары білім квотасының санын арттырады
Қазақстан Орталық Азия елдерінен келіп оқитын студенттерге жоғары білім квотасының санын арттырады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Egemen Qazaqstan» газетіне жариялаған «Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында мәлім етті.
Фото: halyq-uni.kz
11:41 08.08.2024
«Орталық Азия – әлемдегі халқы ең жас өңірдің бірі. Аймақ тұрғындарының орташа жасы – небәрі 28,7. БҰҰ-ның болжамына сүйенсек, 2040 жылға қарай азаматтарымыздың орташа жасы одан әрі төмендеп, 28,3-ке жетеді. Бұл – Солтүстік Америка (41,5), Еуропа (46,8), Қытай (48) сияқты басқа өңірлерге қатысты болжамдардан әлдеқайда төмен көрсеткіш.
Мұны бес елдің де экономикалық және әлеуметтік дамуына кең жол ашатын бірегей бәсекелік артықшылық деуге болады. Жастар экономика, технология және мәдениет салаларындағы жаңару үдерістерінің қозғаушы күші бола алады», - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сондай-ақ, Президент аймақ елдерін жас ұрпаққа тың мүмкіндіктер беретін ортақ құрылымдар қалыптастыруға үндейді.
«Қазақстан жоғары оқу орындары арасындағы ықпалдастықты дамыту, бір-бірінің аумағында білім ордаларының филиалдарын және ортақ факультеттер ашу ісіне барынша қолдау білдіреді. Біз көрші елдер жастарының Қазақстанда жоғары білім алуға деген ұмтылысын жоғары бағалаймыз және олардың өз университеттерімізде оқуына берілетін квота санын біршама арттырамыз. Бүгінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында Орталық Азиядан келген 9 мыңға жуық студент білім алып жүр», - деп жазады Мемлекет басшысы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!