Қызылорда облысында 200 млн теңгеге жуық қаржы жымқырған 9 адамға қатысты үкім шықты
Қызылорда облысы Жаңақорған аудандық соты 200 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған 9 адамға қатысты үкім шығарды.
13:10 06.09.2024
Бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен іс қозғалған еді. Онда «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» КММ-нің басшысы, бөлімнің бас есепшісі және 6 мектеп есепшісіне, 1 бас экономистке қатысты қылмыстық іс қаралды.
«Сотталушылар өздерінің қызмет бабын пайдаланып, 2018 жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында білім бөлімінен 6 есепші мен 1 экономисттің көмектесуі арқылы жалпы сомасы 192097670 теңге мемлекеттік бюджет қаражатын аса ірі мөлшерде бірнеше рет жымқырған. Сотталушылар бөлім басшысы И. мен бас есепші Ж. білім бөлімі есепшілерінің банкомат картасына ай сайын еңбекақы төлемі, еңбекке жарамсыздық пен іссапар шығыны ерекшеліктері бойынша артық және заңсыз қаражатты аударып отырған. Оны қолма-қол ақшаға айналдырып, өздеріне алып келуді тапсырған. Осылайша бірлесіп қылмыс жасауға алдын-ала келісімін алған. Өз кезегінде Ж. есепшілер мен олардың жақын туыстарына, мектептердің басқа да қызметкерлерінің банктік карт-шотына заңсыз ақша аударған. Аталған қаражат есепшілер арқылы екінші деңгейлік банк банкоматтары арқылы қолма-қол ақшамен Ж.-ға табыс етілген. Кейінннен ол И.-ға жеткізілген», - деп мәлім етті Жаңақорған аудандық сотынан.
Сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы білім беру жүйесінде жұмыс істемейтін тұлғалардың есепшотына заңсыз ақша аударылғанын дәлелдеді.
Қылмыстық іс бойынша негізгі айыпталушылар 9 және 8 жылға бас бостандығынан айырылса, қалған 7-і сыбайлас бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, шартты түрде сотталды.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!