Маңғыстауда жүздеген бала уланып қалған мектеп асханасы жабылды
Оқу-ағарту министрлігі Маңғыстау облысында балалардың улануына қатысты мәлімдеме жасады. Қазір оқиға орнында бала құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері жұмыс істеуде. Балаларға қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Фото: istockphoto.com
13:38 09.09.2024
Бүгінгі таңда дәрігерге жүгінген бала саны — 460, оның 377-сі үй жағдайында бақылауға жіберілді.
Облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасына 83 бала жатқызылды. Ал жансақтау бөліміндегі екі бала бүгін жалпы палатаға ауыстырылды. Оқушылардың денсаулығы жақсарып келеді. Ал үйінде бақылауда болған оқушылар бүгін мектепке бара бастады.
Мектеп асханасы мөр басылып, жабылды. Балалар толық сауыққаннан кейін оларға қосымша сабақтар ұйымдастырылады.
Бүгіннен бастап ҚР Оқу-ағарту министрінің тапсырмасы бойынша барлық облыстар мен қалаларда мектептердің ас блоктарына мониторинг жүргізу үшін мобильді топтар ұйымдастырылды.
Бұл топтар ыстық тамақты ұйымдастыру сапасын және балалардың санитарлық-эпидемиологиялық амандығын қамтамасыз ету және тамақтан уланудың алдын алу мақсатында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын бақылайды.
«Айта кетейік, мектепке тамақ жеткізушілер азық-түлік сапасын қамтамасыз етуге және олардың санитарлық-эпидемиологиялық нормаларға сәйкес болуына тікелей жауапты. Әрбір әрекеттің артында балаларымыздың өмірі мен денсаулығы тұрғанын есте ұстаған жөн», - дейді ведомстводан.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!