Ақтөбеде әйелін пышақтап өлтірген сотталушыға үкім шықты
Ақтөбе облысы Мәртөк ауданының тұрғыны әйелімен ұрысып, кейін оны пышақтап өлтіріп тастады.
Фото: freepik
09:35 10.09.2024
Сотталушы 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ жәбірленуші тараптың пайдасына 10 млн теңге өндіріледі, деп жазады kazinform.
Қылмыстық іс Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Мәртөк ауданының тұрғынына Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабымен айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, биыл 21 маусым күні түнгі уақытта ерлі-зайыпты жанжалдасып қалады.
Қызғаныш сезіміне бой алдырған сотталушы мас күйде әйелінің шашынан тартып, тамағын пышақпен осып жіберген. Кейін бірнеше рет тағы жаралап, әйел оқиға орнында көз жұмды.
«Сотталушы кінәсін толық мойындап, қызғаныштан өлтіргенін және жасаған қылмысы үшін өкінетінін айтты. Мемлекеттік айыптаушы тағылған айыпты толықтай қолдап, соттан сотталушыға 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Соттың үкімімен сотталушыға 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі жоғары мекемесінде өтеу белгіленді.
Сотталғаннан жәбірленуші өкілінің пайдасына моральдық өтемақы есебіне 10 000 000 теңге өндіріледі. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ», - деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!