Ақмола облысында оқушысы сабаққа бармай шахтадан алтын іздеген
Ақмола облысында жоғалған 17 жастағы жасөспірім Бестөбе шахтасынан табылды.
10:01 20.09.2024
Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, 16 қыркүйекте Степногор қалалық полиция басқармасына 17 жастағы жасөспірімнің жоғалғандығы туралы хабар түскен.
11-сынып оқушысының сабақты себепсіз босатқанына мұғалімдер дабыл қаққан.
«Оқушы 13 қыркүйектен бері мектепке бармаған. Жедел іздестіру шарасы барысында жоғалған жасөспірімнің ата-анасы, жақын туыстары мен таныстары, достары анықталып, сұрастырылды. Нәтижесінде жасөспірімнің Бестөбе кенті аумағындағы шахтаға түскені анықталды. Бала шахтадан шығарылып, туыстарына аман-есен тапсырылды», — деді ведомстводан.
Баланың сөзінше, ол шахтаға алтын іздеуге түскен.
«Полиция жасөспірімнің ата-анасына қатысты кәмелетке толмағанды тәрбиелеу, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді, сондай-ақ оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шараларды орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырды. Сонымен қатар, кәмелетке толмаған баланың өзі қорғалатын объектіге заңсыз кіргені үшін әкімшілік жауапқа тартылды», — деді ведомстводан.
Осы ретте, тәртіп сақшылары ата-аналарды балаларының орналасқан жерін бақылауды және қауіпсіздік мәселесін жіті назарда ұстау қажеттігін еске салады.
Дереккөз: Kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!