Шешім қабылданды: ҚР Ұлттық банкі базалық мөлшерлеме бойынша мәлімдеме жасады
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 14,25% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Фото: nationalbank.kz
13:12 11.10.2024
Жылдық инфляция шілдеде өскен соң тамыз, қыркүйек айларында байыппен төмендеуін жалғастырды. Айлық инфляция орташа тарихи мәндерден және көктем кезі мен жаз басында байқалған деңгейлерден жоғары қалыптасып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі төмендеп келеді, бірақ оның қарқыны әлі де баяу. Қыркүйек айында халықтың инфляциялық күтулері өсті.
Сыртқы ортаның тәуекелдеріне әлемдік нарықтардағы азық-түлік бағасының өсуі және Ресейдегі жоғары инфляция жатады. Экономика ішіндегі проинфляциялық қысым фискалдық ынталандыру, тарифтердің өсуінің жалғасуы, орнықты ішкі сұраныс, сондай-ақ инфляциялық күтулердің артуы есебінен сақталып отыр.
Ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды қажет етеді. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан жағдайда базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік болады.
Жылдық инфляция әлі де таргеттен едәуір алшақ, дегенмен 2024 жылғы қыркүйек айында ол 8,3%-ға дейін төмендеді. Жалпы инфляцияның динамикасы Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Азық-түлік тауарларының неғұрлым төмен инфляциясы баға өсімінің баяулауына үлес қосуда. Дегенмен ауыл шаруашылығы және өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндірушілер бағасы, сондай-ақ импорттық баға қайта өсе бастады.
Жылдық инфляцияның құрамында жүргізіліп отырған "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы және бірқатар нарықтық қызметтердің қымбаттауы аясында ақылы қызметтер бағасы ең жоғары өсімді көрсетті.
Айлық инфляция қыркүйекте 0,4% болып, орташа тарихи мәннен жоғары қалыптасты (0,3%). Маусымдық факторлардан тазартылған жалпы және базалық инфляция көрсеткіштері көктемде және жаз басында байқалған деңгейден жоғары қалыптасып келеді.
Халықтың инфляциялық күтулері қыркүйек айында өсіп, құбылмалы болды. Биылға сарапшылардың инфляциялық күтулері де 8%-дан 8,4%-ға дейін өсті.
Орталық банктер қатаң саясат ұстанғандықтан, жаһандық инфляция біртіндеп баяулап келеді. Алайда әлемдік нарықтарда азық-түлік құны өсіп келе жатқаны байқалады – қыркүйек айында ФАО-ның баға индексі есепке алатын барлық азық-түлік бағасы көтерілді. Қыркүйек айында дәнді дақылдардың бағасы жекелеген экспорттаушы елдерде қолайсыз күн райының қаупіне байланысты өсті.
Сыртқы ақша-кредит шарттары байыппен жұмсарып келеді. АҚШ ФРЖ инфляцияның төмендеуіне, сондай-ақ еңбек нарығының қалыпқа келуіне байланысты 2020 жылдан бері алғаш рет негізгі мөлшерлемені төмендетті. ЕОБ қыркүйек айында мөлшерлемелерді төмендеткенмен, оның риторикасы өзгерген жоқ. Яғни реттеуші инфляция бойынша мақсатқа қолжеткізуге қанша уақыт қажет болса, сонша уақыт ақша-кредит шарттарын шектеп ұстауға ниеттеніп отыр.
Ал Ресей Банкі болса, жоғары инфляция мен проинфляциялық тәуекелдердің күшеюі аясында негізгі мөлшерлемені 19%-ға дейін тағы 100 базистік тармаққа көтерді. 2024 жылы Ресейде инфляция болжамнан асып түсуі ықтимал деп күтіледі. Осыған байланысты реттеуші негізгі мөлшерлемені жуырдағы отырыста кезекті рет көтеру мүмкіндігін жоққа шығармайды.
2024 жылғы қаңтар-тамыз айларында қысқамерзімді экономикалық индикатордың өсуі ж/ж 4,4%-ға бағаланады. Өндірістің өсуі экономиканың барлық негізгі салаларында байқалып отыр. Атап айтқанда құрылыс, көлік және байланыс салалары ең жоғары өсуді көрсетті. Ішкі сұраныстың орнықтылығы бөлшек сауданың айтарлықтай жедел өсуімен расталады және фискалдық ынталандырудың жалғасуымен, ақшалай кірістердің өсуімен, сондай-ақ шикізатқа қатысы жоқ сектордағы инвестициялардың кеңеюімен қамтамасыз етілді. Ұлттық Банк бақылайтын іскерлік белсенділік индикаторы сегіз ай қатарынан оң аймақта қалып отыр.
Проинфляциялық тәуекелдер де сақталуда. Сыртқы орта тарапынан олар Ресейдегі неғұрлым жоғары инфляцияға және әлемдік азық-түлік бағасының артуына негізделсе, ішкі ортада тұрғын-үй коммуналдық қызмет тарифтері өсуінің жалғасуына, фискалдық ынталандыру, тұрақсыз инфляциялық күтулер мен тұтынушылық кредиттеудегі өсімнің оң динамикасы жағдайында орнықты ішкі сұраныстың сақталуына байланысты.
Ортамерзімді перспективада инфляция бойынша 5% мақсатқа қол жеткізу ұстамды қатаң ақша-кредит шарттарын сақтауды талап етеді. Тәуекелдер балансы проинфляциялық жаққа ығысып отыр. Инфляцияның орнықты бөлігі тұрақты түрде төмендесе және сақталып отырған фискалдық алшақтықты қаржыландыру мәселесі тиімді әрі жүйелі шешімін тапқан жағдайда базалық мөлшерлемені байыппен және теңгерімді түрде төмендетуге мүмкіндік болады.
Ұлттық Банк келіп түсетін деректерді, жалпы және базалық инфляцияның таргетке жақындау траекториясын қадағалайтын болады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2024 жылғы 29 қарашада Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!