Көкшетауда электр кабелінің зақымдануынан 450 абонент жылусыз қалды
Зақымданған электр кабелі Көкшетаудағы Назарбаев-Құсайынов көшелерінің аумағын жылумен қамтамасыз етеді. Апатты жағдайға тап болған көкшетаулықтарға ақмолалық құтқарушылар қол ұшын берді, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: Ақмола облысы ТЖД
17:53 09.12.2024
Ақмола облысы ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 8 желтоқсан күнгі қатты аяз кезінде құтқарушылар облыс орталығының коммуналдық қызметіне көмек көрсетуге мәжбүр болды.
"Жылу сорғы станциясын қоректендіретін электр кабелінің зақымдануынан 450 абонент жылусыз қалды. Оқиға орнына МӨБ-2 құтқарушылары жетіп, шұғыл жұмыстарға қосылды. Жылу сорғы станциясын электрмен жабдықтауды Көкшетау қаласының МӨБ-2 көп функционалды өрт сөндіру автокөлігі арқылы беру туралы шешім қабылданды", — деп түсіндірді Көкшетау қалалық МӨБ-2 бөлімінің бастығы Жандос Жармұханбетов.
Қазір апатты жою жұмыстары жүргізіліп жатыр, жылу сорғы станциясы арнайы қондырғыларға қосылған. Оның қуаты муниципалды мекеменің қалыпты жұмыс істеуі үшін жеткілікті.
Ведомствоның хабарлауынша, жұмыс апат толық жойылғанша жалғасады. Әзірге құтқарушылар кезекшілікке шығып, жылу әдеттегідей беріліп жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!