Атырауда 1 күн бұрын жоғалып кеткен ер адамның мүрдесі Жайық өзенінен табылды
Атырауда 57 жастағы ер адам із-түзсіз жоғалып кеткен еді.
Фото: Ғайсағали Сейтақ/Kazinform
11:15 23.01.2025
Оның мүрдесі 1 күннен соң Жайық өзенінен шығарылды. Кеше әлеуметтік желіде ер адамның жоғалғаны туралы хабарланып, суреті жүктелді. Ол үйінен 21 қаңтарда таңғы сағат 4:00-де шығып кеткен. Туыстарына Жайық өзенінің жағалауында екенін айтқан.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобынан мәлім еткендей, хабар-ошарсыз кеткен 1968 жылғы азамат Жайық өзенінен іздестірілген.
– Іздестіру-құтқару жұмыстары Жайық өзенінің Атырау қаласындағы Жұмыскер елді мекені тұсында жүргізілді. Сүңгуірлер 22 қаңтарда сағат 17:00-ден өзеннің түбін сүзуді бастады. Кеше кешкі 19:35-те ер адамның мүрдесі судан шығарылып, полиция қызметкерлеріне тапсырылды, - деп хабарлады департаменттің имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы.
Жайық өзеніне батып кеткен адамды іздеуге төтенше жағдайлар департаментінен 9 құтқарушы қатысқан. Сондай-ақ 5 техника, 2 жүзу құралы мен 1 дрон тартылған.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!