«Дубай шоколадын» сатамын деп жұртты алдаған астаналық 3 жылға сотталып кетті
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты бірнеше рет алаяқтық жасады деп айыпталған А.-ға қатысты үкім шығарды.
Фото: Yalcin Sonat/Shutterstock/FOTODOM
12:08 14.02.2025
А. есімді азамат Астана қаласында «Дубай шоколадын» жеткізу және сату туралы «Олх» сайтында хабарландыру жариялап, бірақ мұндай мүмкіндікке ие болмаса да WhatsApp қосымшасы арқылы өзінің банктік шотына ақша аударуды сұрап, ақша қаражаты түскеннен кейін жәбірленушілердің телефон нөмірлерін бұғаттап, 9 жәбірленушіге жалпы сомасы 176 300 теңге залал келтірген.
Сотталушының кінәсі оның мойындауымен және қылмыстық іс материалдарымен дәлелденген. Оған ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша айып тағылды. Прокурор 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеуді сұрады. Қорғаушы тарап пен жәбірленушілер прокурордың ұстанымымен келісті.
— ҚК 190-бабы 3-бөлігінің санкциясы 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді. Сотталушының қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде сот оның кінәсін мойындауын, шын жүректен өкінуін, қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесінде келтірілген мүліктік зиянды ерікті түрде өтеуін және жас балаларының болуын таныды. Ауырлататын мән-жайлар болмады, — делінген хабарламада.
Іс сотқа дейінгі жедел тергеп-тексерумен аяқталды және жаза тағайындау барысында баптың санкциясында көзделген жазаның жартысынан аспауға тиіс.
— Сот сотталушыны бас бостандығынан айырмауды сұраған жәбірленушілердің ұстанымын ескере отырып, оған 3 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындады. Үкім заңды күшіне енген жоқ, — деп атап өтті қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!