Павлодарлықтан 400-ден астам әртүрлі мобильді операторлардың SIM-картасы табылды
Павлодар қаласында интернет-алаяқтықты ұйымдастыру үшін қолданылатын құрал-жабдықтар тәркіленді.
Фото: pexels.com
14:23 14.02.2025
Құқық бұзуға қарсы әрекет ету және фрод-қоңыраулар жасау арқылы жасалатын қылмыстарды тергеу бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөніндегі меморандум шеңберінде, «Қазақтелеком» АҚ, «Кселл» АҚ, Павлодар облысы полиция департаменті және облыс прокуратурасының үйлестіруімен жедел шаралар барысында Павлодар қаласының тұрғыны интернет-алаяқтыққа қатысы бар болғаны үшін ұсталды.
- Күдіктінің пәтерін тінту кезінде 5 SIM-box құрылғысы (SIM-карталарды қосу және оларды шетелде қашықтан пайдалануға арналған жабдық), 400-ден астам әртүрлі мобильді операторлардың SIM-карталары, роутерлер және ұялы телефондар табылды, - делінген Павлодар облысының прокуратурасы хабарламасында.
Күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 213-бабына сәйкес «ұялы байланыстың абоненттiк құрылғысының сәйкестендiру кодын, абоненттi сәйкестендiру құрылғысын құқыққа сыйымсыз өзгерту, сондай-ақ абоненттiк құрылғының сәйкестендiру кодын өзгертуге арналған бағдарламаларды жасау, пайдалану, тарату» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Қазіргі уақытта күдікті қамаққа алынды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!