Алматы тұрғыны көлігінің нөмірін арнайы құрылғымен жасырған
Алматыда бейнебақылау камераларынан айласын асырмақ болған 27 жастағы жүргізуші қамауға алынды.
Фото: Алматы ПД
10:36 18.02.2025
Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Тимур Ноғайбаевтың айтуынша, Сүйінбай даңғылында патрульдік полиция қызметкерлері күдік тудырған көлікті тоқтатып, тексеру барысында оның алдыңғы нөмірін жасырын механикалық құрылғы арқылы аударып отыратынын анықтады.
— Қаланың бейнебақылау жүйесі арқылы бұл көлікке назар аудардық. Жүргізуші арнайы пульттің көмегімен мемлекеттік нөмірді аударып, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзған. Бұл әрекет өзге жол қозғалысына қатысушылар үшін қауіп төндірді. Заңсыздықты анықтаған тәртіп сақшылары көлік иесін ұстады, — деді Тимур Ноғайбаев.
Айтуынша, сот шешімімен құқықбұзушы әкімшілік жауапқа тартылды.
— 27 жастағы жүргізуші 3 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды, — деп атап өтті полиция өкілі.
Дереккөз: kazinform
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!