Шымкентте 4 мыңнан астам адамды алдап соққан қаржы пирамидасы анықталды
Қаржылық мониторинг агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаменті «Nazira Gold» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты.
Фото: Видеодан алынған кадр
10:37 18.03.2025
Өздерін зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға салған сомаларынан 20-40% көлемінде ай сайынғы табыс табуға уәде берген. Ал, шын мәнінде төлемдер сатудан түскен пайдадан емес, жаңа қатысушылардың салымдарынан жүзеге асырылған, деп жазады kazinform.
- Нәтижесінде қаржы пирамидасына 4 мыңнан астам салымшы тартылған. Қылмыстық табысқа күдіктілер екі пәтер, тұрғын үй және 10 автокөлік сатып алған. Тінту барысында 374 миллион теңге қолма-қол ақша және құны 300 миллион теңгеден астам 12 кг алтын бұйымдар тәркіленген, - деп жазды департаменттен.
Күдіктілер екі айға қамауға алынды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, басқа ақпарат жариялауға жатпайды.
Айта кетейік, Агенттікте қаржы пирамидаларының белгілерін тексеруге мүмкіндік беретін «Baiqa, piramida!» Telegram-боты жұмыс істеп тұр.
- Егер сіз немесе жақындарыңыз қаржы пирамидасының әрекетіне тап болса, тұрғылықты жеріңіз бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінуді сұраймыз. Азаматтарды сақ болуға және күмәнді қаржылық ұйымдарға жинақтарын салмауға шақырамыз, - делінген ақпаратта.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!
Серіктестер жаңалықтары