Келіні жақсы үйдің берекесі бар. Бес аспаз ас әзірлеуден алдына жан салмайтын пысық келіншектерді инстаграм желісінен сауалнама арқылы таптық. Шаңырағының ақ берекесін ақ дастарқанымен ашып отырған қазақ келіндерімен таныс болыңыз.
8 наурыз: Инстадағы сегіз қырлы 8 келіншек

8 наурыз: Инстадағы сегіз қырлы 8 келіншек

Келіні жақсы үйдің берекесі бар. Ас әзірлеуден алдына жан салмайтын пысық келіншектерді инстаграм желісінен сауалнама арқылы таптық. Шаңырағының ақ берекесін ақ дастарқанымен ашып отырған қазақ келіндерімен таныс болыңыз.

Алматылық Сағымбаева Сәния Шөберебайқызы (Saniya_sagiimbaeva) декреттік демалыста. Кішкентай кезінен бастап күн тәртібін алдын ала жоспарлап қоюды әдетке айналдырған. Сәния тамақ әзірлеуде денсаулыққа пайдасы барын жасауға тырысады екен. Мамандығы қаржыгер келіншек тұрмысқа шыққан соң-ақ үй шаруасына пысып-қатып алған. Инстаграмға  2014 жылы тіркеліп, екі жылдан соң жасаған тағамдарының суретін желіге салып, рецептерімен бөлісе бастады. Өйткені тамақты ол бар ынтасымен сүйіп жасайды.

«Тамақ дайындауды ұнатқандықтан білетін рецептерді қыз-келіншектермен бөліскім келді. Тағамды тек дəмді емес, əдемі қылып ұсынсаң, жақындарыңның көңіл күйі көтеріледі, үйіңе жайдарылық сыйғанамен бірдей ол.  Әлі есімде, инстаграмға алғаш рет жасаған тағамымның суретін салып, қалай  әзірлегенімді жазып едім, 400-дей адам лайк басып, алғыс айтты. Толқығаным рас. Бірнеше күн бойы көңілім жадырап көтеріңкі көңіл күйде жүрдім.

Тамақ əзірлуді анам үйретті. Жеті жасымда алғаш рет картоп қуырдым. Сол жылы "палау" пісірдім. Бəрін дұрыс салдым да, су құятынын білмеппін. Жартылай күйген, шикі күрішті әкем  мақтап отырып жеп алды. Соны қазірге дейін есімізге алып күлеміз.

Ұлтымыз қазақ болғасын  біз үшін ет – басты тағам. Жақсылап мүшелеп, бір екі табақ етті асып, қатырып қоямын. Майлы сорпаны да қатырамыз. Аяқ астынан қонақ келсе, етті жылытып, қамыр мен тұздығын дайындап бере саламын.  Тез əрі берекелі».

ШҚО, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылының келіні Құнафиянова Лаура Ермекқызы үш ұлдың анасы, ата-енесінің әлпештеген жалғыз келіні. Ол жақында ғана үшінші ұлын дүниеге әкелгенімен, арқаны кеңге салуға болмайтынын айтады. Әр баланың өз несібесі бар және әр бала сені әр шаруаны тиянақты жасауға жетелейді.  Үй шаруасын дөңгелетіп жіберетін бір ауылдың бәйбішесі болмасам да, ата-енемнің жылы ілтипаты мен мейірімділігі маған қанат бітіреді, менің үй шаруасына пысық болуыма себін тигізеді. Келін боп түскен шаңырақты гүл-гүл жайнатып, дастарқанын жақсылыққа молынан жапсам деген деген ниетім бар. Соның бәрі жанұямыздың маған деген көңілінен туса керек, - дейді Лаура.

«Біздің ауылдың жұрты көбінесе ет асып, палау жасайды. Өз үйімізде көбінесе сұйық тағамды ұнатамыз. Бірінші орында – кеспе көже. Біздің ауыл Зайсан көлінің жанында орналасқандықтан, балық – дастарқанымыздағы күнделікті тағамның бірі. Қолдан келгенше пайдалы, құнарлы тағам жеуге тырысамыз.  Салатты тек зәйтүн майымен қатып, әр күні әр түрлі тағам жасаймыз. Тек үй шаруасымен шектелмейін деп қазір бухгалтерияны үйреніп жүрмін. Ал мамандығым менеджер. Есеп-қисапты толық меңгергім келеді. Жан-жақты болғанға не жетсін».

«Инстаграмға 2013 жылы тіркелгенмін. Содан бері еліміздің әр түкпірінен жазып жатқан қыз-келіншектердің парақшасынан өзіме қажетті дүниені алып отырамын. Әлеуметтік желіден пайдалы нәрсе көргім келеді. Инабатты посттар, әдемі суреттер, жақсы тілектер адамға оң әсер береді емес пе, ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, өнеге беріп отырған жандарды сыйлаймын. Және өзім де салауатты өмір салтын насихаттап, қуанышты сәттеріммен бөлісіп отырамын. Алғаш рет тамақ жасауды анам үйретті. Есейе келе, үйге қонақ келерде істейтін тамақтарды анам маған сеніп тапсыратын болды. Ол  жұмыстан келгенше салаттарды жасап қоятынмын. Ал тұрмысқа шыққанымда екінші анам  - енем, табаққа қандай ет салып, етті қалай асуды, соғым етін, нені асып, нені қуыру керектігін, қонақ күтуден бастап, құда күтуге дейін  - бәрін үйретіп жатыр. Бұл – үлкен мектеп»

Астаналық 27 жастағы келіншек Имаханова Фаризат Нұрланқызы декреттен шықпай жатып, тағы декретке кеткен жайым бар деп күледі. Кішкене сәбиімен күн тәртібі де біркелкі болмайтынын айтады.

«Бәріне үлгеру үшін үйде қай шаруа маңыздырақ, соны анықтап алу керек. Отбасымызда ең бастысы - амақ уақытында дайын болу керек. Сондықтан ең бірінші тамаққа кірісем.  Екі-үш күннің тамағын алдын ала жоспарлап алған жақсы. Бала сәл есейген соң  «флай-ана»   әдісімен өзіме сай күн тәртібін жасап аламын. Инстаграмға рецептер салу өз идеям. Ең алғашқысы 28 лайк жинап, төбем көкке жеткендей қуандым.  Бұл маған күш пен шабыт берді. Тамақ әзірлеуді 13 жасымда анам үйретті. Кейін студенттік кезде  жеңіл-желпі тамақ пісіріп жүрдік. Енді, міне, декреттегі бос уақытты пайдаланып, тамақ пісіруді мықтап қолға алып,  сүйікті ісіме айналды».
«Жақында ата-енем келгенде пысықсып кешкі шайға кекс жасадым. Үйде жұмыртқа болмай, «е, тәйірі, жұмыртқасыз да қатыра саламын»   - пысық екенімді көрсетпек боп жылдам пісірдім.  «Мақтаған қыздың»  кебін киіп, әлгі кексім шикі шықты. Енем «ештеме етпес, жұмыртқа қосылмағасын шикі боп қалған ғой»  деп алдарқатты. Атам шәймен бұрқыратып екі тілімін шикі болса да жеп алды. Атам демекші, шаңырақ көтерген алғашқы жылы  атам Павлодардан келе жатыр деп голубцы жасадым. Қырыққабаттың (капуста) жапырағын тіс тазалағышпен қыстырып, дайын болғасын ешкімге көрсетпей алып тастадым. Әдемілеп салдым. Дастарқан басында атам алдындағы голубцыдан бір шиді алып шығып, тарелканың жанына қойды. Ұялғанымнан кірерге тесік таппадым. Қап, қырсығын-ай! Ұмыт қалған бір ши тап атама бұйырыпты.  Ата-енем өте мәдениетті кісілер. Әрдайым мақтап, мені өнеге қып отырады. Әр адамның саған деген жылы сөзі, инабатты қарым-қатынасы сені де өрге сүйрейді екен».

27 жастағы тараздық Күншібекова Алтынай Ерланқызы  (altinai_aison) инстаграмда нан салма, штрудли және жеңіл-желпі тағам әзірлеуімен оқырмандарының жүрегін жаулап алды. Қазір үйінде тапсырыспен торт пісірумен айналысады. Мамандығы заңгер болғанымен, кондитер  болуды армандайды. Бес жыл бұрын VK әлеуметтік желісінде алғаш болып тағамның қазақша рецептері тобын ашыпты.

«Тұрмысқа шыққан соң қазақша рецептер іздеп біраз  қиналдым. Кейін инстаграмға көштім. Оқырмандар жинала бастады. Ерекше тағам жасап іздендім. Өз қоллыңмен жасаған тағамның дайындау тәсілін жазу маған міндет сияқты. Жұмыссыз құр отырмай, елмен білгенімді бөлістім. Қыздардың рақметі,  жылы сөздері маған жақсы эмоция сыйлап, жігер берді. Жазғанымнан нәтиже шығарып жатса, кекер емес екен мына жақсылығым деп шабыттанам. Оқырманның арқасында дамиды екенсің».

«Үйдің тірлігі мен өз тірлігіңді қоса алып жүру қиынырақ, біраз таңдар ұйқысыз атады. Шамам келгенше үлгеруге тырысам, ол үшін ширақтық керек».

«Ең алғаш тамақты тұрмысқа шыққанда өз қолыммен жасадым. Күйдіру, шикілеу болған, қысылып-қымтырылған кездер болды. Бір қуанатыным, енем әр тағамымды мақтап жеп, ынталандырды. Ұялғанымнан одан да дәмді жасауым керек, мынауым ұят болды деп  өзімді қамшылай бердім. Қазір, шүкір, асхананың құлағында ойнайтын болдық,  ілезде дастарқанды жайнататын дәрежеге жетіп қалдым».

 

Пияздан жасаған орамасы инстаграмда  хит болған Гүлзат Сқақова Жұмағазықызы (g.skakova) бес баланың анасы. ШҚО, Үржар ауданына қарасты Мақаншы ауылының қарапайым келіні Гүлзаттың қолынан шыққан тағамның дәмін татып көрген ауылдастары қазір оған тапсырыс бере бастаған.

 «Ауылда тұрған соң  үйдің  «отымен кіріп, күлімен шығып»  жүресің. Оған дағдыланып кеткенбіз. Балалардың сабағы,  отбасымның үш уақыт тамағы, аракідік тапсырысқа тəттілер жасаймын».

  «Инстаграмға тіркелгеніме үш жыл болды. Алғашқыда жəй ғана күнделікті әзірлеген тағамдарымды суретке түсіріп  салып жүрдім. Екі-үш айдың ішінде басқа өңірлерден қыздар тіркеле бастады.  Бәрі тағамдарымның жасалу жолын сұрап, сұраныс көбейіп кетті.  Бүгінде бірнеше мыңдаған, Қазақстанның əр өңірінен жиналған оқырманым бар. Бір-бірімізге шабыт сыйлап, жігерлендіріп отырамыз. Олардың бір ауыз алғысы, жылы лебізі маған жігер береді, шаршағанымды ұмытамын.

  Мектепте оқып жүргенімде ас үйге жақындау өстім. Ас әзірлеуді ілезде үйрендім дегенім өтірік болар. Алғаш пісірген макароным болбырап езіліп, жұбайыма көрсетпей төгіп тастаған күндерім де болды. «Ер адамның ақылы асқазанында»  деген сөзді жолдасым жиі айтады. Содан намысқа тырысып, газет-журнал ақтарып, көптеген рецепт кітапшалар сатып алып  жүріп тағамды дәмді етіп жасауды үйрендім.

Ауылда жоқ заттың орнына қолдағы бар затпен алмастырып, түрлі тағам түрін жасаудың шебері болдым осы күнде. Аллаға шүкір деймін». 

Талдықорғандық 28 жастағы Метербаева Гүлмира Еркінбайқызы ет асудың шебері, тіпті өзге ұлттың ас мәзірін де жасап үйреніп алған. Гүлмираның қолынан шыққан өзбек палауының дәмі тіл үйіреді. Екі баласымен декреттік демалыста отырған Гүлмираның күн тәртібі жазылған қойын кітапшасы бар.

«Істейтін шаруаларымды алдын ала жазып қооямын, миымда сақтаулы тұрады. Бәрін рет-ретімен жасағанды ұнатамын. Мамандығым есепші, заңгер. Кішкене күнімде тележүргізуші,ә нші болуды армандайтынмын. Ал қазіргі таңда қоғамға пайда әкелетін танымал блогер болғым келеді. Инста-парақшамды ашқаныма үш жыл болды. Үйімде әзірлеген тамақтардың суретін салғанымда достарым рецебін сұрады.  Қызығушылық тудырғаныма қуандым. Көп пікір жазылып, жасалу жолы жайында қосымша сұрақтар қойылып, фотоесептерін жіберіп жатқанда ерекше шабыт алдым».

«Тамақ әзірлеуді 6 жасымнан бастап анамнан үйрендім. Бойым дастарқанға жетпей, аяғымның астына тағы бір шағын стол қойып бергені әлі есімде. Алғаш рет макарон пісірдім. Қасық қадасаң қазықтай тұратын ботқа қып жасап жүрдім. Әке-шешем көңілімді қалдырмай, меселімді түсірмей мақтап-мақтап жеп алатын. Дегенмен күйдіріп, тұзын асырып жіберу болған емес. Кейінірек теледидардағы аспаздардың туындыларын тамашалап,  асапаздыққа ынтам өсе берді.  Үйдегі мұздатқышта әрдайым котлет, тұшпара, піскен қазым күтпеген қонақтарға дайын тұрады. Ал 8 наурыз мерекесіне раушан үл мантысын, сүзбелі бәліш , ұлымның сүйікті құймақтары мен цезарь салатын ұсынамын».

Маңғыстаулық 23 жастағы  Лепесбаева Мадина Іргебайқызы үйінде қазы-қарта, жал-жая, бұжы, әсіп дегендерді көп дайындайтынын айтады. Үш бөпенң анасы бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі.

«Әйел адам бәріне үлгере алады, тек ынта мен талпыныс болса болды. Қазір әлеуметтік желіде 48 мыңға жуық оқырманыма өз блогымды жүргізіп отырмын. Инстаграмда ең толқыған сәтім есімде. Белгілі бір продюсер өз парақшасына менің фотомды салып, пікір жазғанда, қатты қуандым. Тамақ әзірлеуді әжем үйретті. Ол кісі қанша үлкен болса да, жұмысқа тың еді. Бірде күріш пісірмек боп  күрішті жуған суымды төгейін деп жатсам, ұрысып берді. «Әй, қарағым, қарағым, ысырапшылдығыңа жол болсын, ол суды төкпе, сжылытып, майлы ыдысыңды жуып ал, майын  кетіреді" – деп, күріш суына ыдыс жуғызып қойған. Кәзір ойлаймын, бар тәрбием әжемнің арқасы.  Үп-үлкен болсам да,  әжем дүниеден өтетін түнге дейін қасында құшақтап ұйықтайтынмын».

 

 

 

 

 

Қапшағайлық 24 жастағы Сәли Гүлдана Мұратқызының (universalkyz)  мамандығы өзінің армандаған тарих пәнінің мұғалімі. Гүлдана балықтың түр-түрінен керемет дәмді тағамдар әзірлеп,  оның рецебімен инстаграмда бөліскеніне үш жылдай болды. Отбасында көбінесе диеталық, яғни жеңілдеу тамақ жейтінін айтады. Кішкене сәбиімен декреттік демалыста отырған пысық келіншек уақытын тиімді пайдаланады. 

«Ол үшін арнайы жоспар құрып қойғанмын. Үй тірлігін тек түске дейін істеп тастаған жөн. Өйткені күннің бастауын маңызды шаруаларға арнасаң,  ісің де өнімді болады. 11 жасымнан бастап анам тамақ істеуді үйретті. Бірден үйреніп кете алмадым. Ең алғаш өз бетіммен жұмыртқа қуырғанмын. Үйде ешкім болмагандықтан, газды косуға қорқып, даладағы үлкен қазанға қуырдым.  Ошақтың астына көп отын жағып, екі жұмыртқаны әрең қуырғаным есімде».

«Үйге күтпеген жерден қонақ келсе, балық қуырып немесе бұқтырып беремін. Негізі алдын ала манты, түшпара түйіп, тоңазытқышқа салып қоямын. Қонақ келе қалса  бірден дайындағандарымды шыгарып, буға салып пісіріп беремін».

Ақ дастархан қай жанды да болмасын шаттыққа бөлейді. Ибалы салиқалы келіннің үйінен ешқашанда қонақ үзілген емес. Үйінің шам шырағы болып,  отбасының берекесін  келтіріп отырған отырған нәзік жандарымыз  аман болсын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ӨЗГЕ ҰЛТТЫҢ СҮЙСІНІСІН ТУДЫРА БІЛГЕН ҚАЗАҚ ӘНШІСІ

ЗЕЙНЕТАҚЫ-2018: ЖАҢА ЖЫЛДА БІЗДІ НЕ КҮТІП ТҰР?

МҰЗАФАР ӘЛІМБАЕВ: «ЕҢ ЖАҚСЫ ӨЛЕҢІМДІ МЕН ӘЛІ ЖАЗҒАН ЖОҚПЫН»

ҚЫЗЫЛ ДЕҢГЕЙ: «ЭКСТРЕМИСТ» АКТЕРДІҢ ӘҢГІМЕСІ
МЫҢ ӨЛЕҢДІ МҮДІРМЕСТЕН АЙТАТЫН АҚЫН ЖАЙЛЫ  15 МӘЛІМЕТ

ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАННАН БЕРГІ ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫНДА ҚАНША ЖҮЛДЕ АЛДЫҚ

ЖҮЗ КӨГЕРШІННІҢ ІШІНЕН ӨЗІ КЕПТЕРІМДІ ЖАЗБАЙ ТАНИМЫН...

ХАЛҚЫҢ ЖАСАҒАН МӘДЕНИ МҰРАДАН ҚҰРАЛАҚАН ҚАЛМАЙЫН ДЕСЕҢ...

МИНИСТРГЕ ТӨРТ СҰРАҚ

ҚАЗАҚ ЖЕМІС-ЖИДЕК ЖЕГЕН БЕ?

Новости партнеров

Загрузка...